Жаңалықтар

Сот Марат Әйтеновке былапыт сөздер айтқаны үшін Дана Әтешованы әкімшілік жауапқа тартты

Дана Атешова
Сот Дана Атешованы ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тапқан / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Сот Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешованы отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарды сыйламау, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту фактісі бойынша кінәлі деп тауып әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл жайлы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Істі Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Іс материалдарына сәйкес, келіншек отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына қатысты былапыт сөздер айтқаны анықталған.

Сотта келіншек өз кінәсін мойындамаған. Атешова бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын алға тартып, бұған бұрынғы жұбайы арандатқанын жеткізген.

Нәтижесінде сот келіншекті ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп тапқан. Бұл бап бойынша ескерту жасау немесе 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алу жазасы қолданылады.

Алайда сот құқық бұзушының жас балаларының болуын және құқық бұзушылықты алғаш рет жасап отырғанын ескеріп, мұны жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныған. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Нәтижесінде сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданған.

«ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескерту жасау не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. Құқық бұзушының жас балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады», – деп түсіндірілген баспасөз хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енбеген.

Мәселенің мән-жайы

Айта кетейік, шілде айының бірінші жартысында Дана Атешова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бұрынғы күйеуі – Марат Әйтеновтің қыспағынан арашалауды сұрап бейнеүндеу жариялаған болатын. Артынша Әйтеновті құқық қорғау органдары ұстағаны хабарланды. Ал Атешова әлеуеметтік желі арқылы өзі мен балаларының қауіпсіздігіне кепілдік беретін қорғаныс нұсқаулығын алғанын жеткізді.

Ал 15 шілде күні экс-шенеуніктің туысы 5 күнге қамаққа алынғаны туралы хабарланды. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әкімшілік кодекстің 73 – бабының 1-бөлігі бойынша Мұрат Әйтеновке қатысты істі қарап, құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығарған.

«Істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Осылайша оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған», – делінген сот хабарламасында.

Көп ұзамай, Астана қаласының полиция департаменті (ПД) әйеліне дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша, Марат Әйтеновтің үстінен қылмыстық іс қозғады.

Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешованың айтуынша, бұрынғы жұбайы үйден көшіру кезінде өзіне шабуыл жасаған. Салдарынан денесіне зақым келтірген. Әйелге қатысты жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталған.

Алайда сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындамаған. Және балаларын алып кеткісі келгенде, бұрынғы жұбайының оларды қолдарынан ұстап жібермегенін айтқан. Ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын жеткізген.

Арынша Астана полициясы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Атешоваға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ол күйеуіне былапыт сөздер айтып, қол жұмсаған деп күдіктелді.