Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы ең төменгі жалақыны есептеудің халықаралық стандарттарын бекітпек. Сол мақсатта дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақы туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына ұсынылмақ.
Атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшері 1970 жылғы 3 маусымда Женевада қабылданған Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияға сәйкес белгіленеді. Бұл конвенцияны Халықаралық еңбек ұйымына мүше 54 мемлекет ратификациялаған.
«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заныңың жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін», – делінген құжатта.
Бұл конвенция – еңбек жағдайлары осындай жүйені қолдануға болатын жалдамалы жұмыс істейтіндердің барлық тобын қамтитын ең төмен жалақыны белгілеуді көздейді.
Конвенция экономикалық қызметтің барлық саласына және жұмыскерлердің барлық санатына қолданыла береді және Қазақстан Республикасының заңнамасы конвенция ережелеріне сәйкес келеді.
«Конвенцияны ратификациялау ең төмен жалақыны белгілеу бөлігінде халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы салада халықаралық нормаларды сақтау мен орындауды ұстанатынын растайды», – делінген құжатта.
Айта кетсек, Қазақстанда ең төменгі жалақы деңгейі 2019 жылдан бері үш есеге өскен. 5 жыл бұрын ең төменгі жалақы 29 мың теңгені құраса, жыл басынан бері – 85 мың теңге болып бекітілген. Алайда дамыған елдердің көрсеткішінен әлдеқайда артта қалып тұр.
Halyk Finance сарапшылары ең төменгі жалақының өсуі елдегі кедейлік деңгейіне әсер етіп жатқан жоқ деп тұжырымдайды. Сол себепті жалақы деңгейін көтеру арқылы кедейшілікпен күресуге болады дегенге күмәнмен қарайды. Оның үстіне Қазақстандағы кедейлік шегі – халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен.
Осы реттте мамандар мемлекеттің басты міндеті – ең төменгі жалақыны арттыру емес, тұрмысы төмен азаматтарды тиімді әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыру екенін айтады. Сол арқылы олардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру мен лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге жеткілікті болатын әділ қайта бөлу механизмін құру.