«Қазпошта» Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты жауап берді

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

«Қазпошта» АҚ Бас прокуратура анықтаған заң бұзуға қатысты жауап берді. Мекеме компания өз қызметкерлерінің кез келген құқық бұзушылықтарын қасақана және мақсатты түрде жасырды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Қазпошта» тексеріс жүргізуге және заң бұзушылықтарды анықтауға жан-жақты көмек көрсеткенін мәлімдеді. Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша қызметтік тексерулер жүргізіліп, оның нәтижелері тиісті құқық қорғау органдарына жіберілгенін де хабарлаған.

«Қазпошта» АҚ жоспарлы тексеру барысында жолданған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің барлық ескертуі мен ұсынысына түзетулер енгізді. Бүгінгі таңда Комитеттің «Қазпошта» АҚ-ға қарсы шағымы немесе ескертулері жоқ», – деп мәлімдеді компания.

Сонымен бірге «Қазпошта» жеке БАҚ пен әлеуметтік желілерде қате ақпарат тарап жатқанын, яғни компания өз қызметкерлерінің кез келген құқық бұзушылықтарын қасақана және мақсатты түрде жасырды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Мекеме жергілікті жерлерде де қылмысқа қарсы белсенді күресті жалғастырып жатқанын, ішкі аудиттер мен тексерулер нәтижесінде 2023 жылға жалпы сомасы 396,7 млн ​​теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталғанын жеткізді.

«Барлық фактілер бойынша қызметтік тексерулер жүргізіліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. «Қазпошта» АҚ компаниядағы қылмыс пен ұрлықпен белсенді күресуді жалғастыру міндеттемесін растайды», – деп хабарлайды компания.

Еске сала кетсек, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Қазпошта» акционерлік қоғамының жұмысын тексеріп, компания қызметкерлерінің сәлемдеме мен коммуналдық төлемнен қаражат ұрлау фактілерін анықтаған болатын.

Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ қызметкерлері пайдаланатын электрондық құжат айналымы жүйесінің Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына сәйкес келмейтіні де белгілі болған.

Компанияда болған бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық фактілері бойынша құзырлы органдарға хабарланбаған. Соның нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар есепке алынбай, олар бойынша процестік шешім қабылданбаған.

Осындай кемішілктерді анықтаған Комитет компанияға қатысты 20 әкімшілік іс қозғап, 21 ұсыным берген.

Ал заңбұзушылық фактілеріне қатысы бар компанияның 48 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, 20-сы әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз