АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп сайлауда жеңіске жеткен жағдайда Украинаға ленд-лиз арқылы 500 млрд долларға әскери көмек беруі мүмкін. Бұл жайлы АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мәлімдеген.
«Трамп Украинаға Ресеймен соғыста жеңіске жету үшін қару-жарақ сатып алуға қанша қаражат қажет болса, сонша қарыз алуға рұқсат беруі мүмкін. Бұл Украинаға пайдалануға берілетін қару түрлеріне қатысты шектеулерді алып тастауға жол ашады», – деп мәлімдеген Помпео.
Помпео осылайша Трамптың өз шарттарын қоя отырып, соғысты тоқтатуға мүмкіндік туатынын айтқан. Ол сонымен бірге Ресей Орталық банкінің бұғатталған активтерін пайдалана отырып, Украинаны қалпына келтіру мүмкіндіктері жөнінде де айтқан. Сондай-ақ Помпеоның пікірінше, Украина НАТО мен ЕО-ға кіретін болса, Ресейге салынған санкциялар да жойылуы мүмкін.
Ленд-лиз дегеніміз – Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қолданылып келе жатқан жүйе. Оның ережесіне сәйкес АҚШ өзінің одақтастарын соғыс материалдарымен, соның ішінде оқ-дәрілермен, танктермен, ұшақтармен, жүк көліктерімен, сондай-ақ азық-түлік пен шикізатпен көмектеседі. Ленд-лизингқа қатысты ережелерді 1941 жылы 11 наурызда АҚШ Конгресі қабылдаған.
Екінші дүниежүзіліқ соғыс кезінде Америка ленд-лизинг бойынша 42 елге көмек көрсеткен. Бұл көмек фашистік Германияны жеңуде шешуші рөл атқарды.
Еске сала кетсек, АҚШ Украинаға құны 225 млн доллар болатын қорғаныс көмегін жіберетіні туралы хабарланды. Көмек пакетіне ресейлік ракеталардан қорғайтын қорғаныс құралдары мен басқа әскери техника түрлері кіреді.
Атап айтқанда, АҚШ үкіметі дайындаған пакет құрамына әуе қорғанысы жүйесі, сондай-ақ зымырандар, ату жүйелері және 155 және 105 мм калибрлі артиллериялық оқ-дәрілер кіреді. Көмек көрсету туралы Вашингтонда өткен НАТО саммитінде АҚШ президенті Джо Байденмен Украина президенті Владимир Зеленский келісімге келген.
Пентагон мәліметі бойынша, Ресей Украинаға толыққанды басып кірген 2022 жылдан бері АҚШ Киевке 53,7 млрд доллар көлемінде әскери көмек көрсетіп үлгерген.