Ақталмады: Жамбыл облысының экс-әкімі Көкірекбаевтың ісі сотта қайта қаралады

Жарияланды
Тараз қаласының
Кәрім Көкірекбаевтың ісі сотта қайта қаралады / Фото: kursiv.media

«Қазселденқорғау» мекемесінің бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевтың ісі сотта қайта қаралады. Аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған оны 7 маусым күні алқа билер соты ақтап алған болатын. Алайда прокурорлар соттың бұл шешімімен келіспей, аппеляцияға берген.

«Көкірекбаев Кәрім Нәсібекұлына, Ахатаев Әділет Бегалиұлына және Поплавский Андрей Владимировичке қатысты алқабилердің қатысуымен өткен Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы үкімі жойылсын. Қылмыстық іс қаралған сотқа бірақ басқа құрамда қаралуға жіберілсін»,- делінген сот қаулысында.

Сот прокурорлар Е.С.Құрақбаев пен А.Әлікеновтің апелляциялық шағымын толығымен қанағаттандырған. Солайша К.Н.Көкірекбаевқа, А.Б.Ахатаевқа және А.В.Поплавскийге қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалған.

Ал Көкірекбаев сот залынан қамауға алынған.

Айта кетсек, шенеунікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 2022 жылдың желтоқсан айында 369 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұстаған болатын.

Кәрім Көкірекбаев 1957 жылы 28 шілдеде Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол Алматы темір жол көлігі институтын темір жол инженері мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Шу станциясының локомотив депосында машинист көмекшісі болып бастаған. Осы жылдар ішінде Алматы темір жолының бастығы, Астана халықаралық әуежайы РМК бас директоры қызметтерін атқарды. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болып тағайындалған. Ал 2002-2008 жылдары – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті, басқарушы директоры, бас инженері мамандықтарын атқарған.

2013 жылдың желтоқсанынан 2018 жылдың қаңтарына дейін Жамбыл облысының әкімі болған. 2018 жылы Қырғызстандағы елші қызметін атқарған. 2019 жылдың тамызында «Казселезащита» компаниясының төрағасы болып тағайындалған.

Сондай-ақ оқыңыз