Германия сутегі импортына арналған стратегиялық құжатқа Қазақстанды енгізді: Еуропа Маңғыстаудағы «жасыл» жобаға көз тігіп отыр

Жарияланды (жаңартылды )
Германия сутегі импортына арналған стратегиялық құжат жасақтады/ фото kursiv.media архивінен

Қазіргі уақытта Германия сутегі импортына көңіл бөле бастады. DW басылымының жазуынша, 2030 жылы ГФР-дың сутегіге деген жылдық сұранысы 95-тен 130 терават-сағатқа дейін ұлғаюы мүмкін. Қарапайым есеппен түсіндірсек, бұл шамамен 9,5-13 миллиард текше метр табиғи газ көлеміне сәйкес келеді. Германия сутегіге деген сұраныстың 50-70%-ы импорт есебінен жабылады деп көрсетеді. 2030 жылдан кейін мемлекет сутегі импортына тіпті мұқтаж бола түспек.  

Берлин импорт көлемінің ғаламат болуы мүмкін екенін жасырмайды. Сондықтан Ресейден көгілдір отын алып отырған Германия сутегі тасымалының басқа жолдарын қарастырып отыр. 24 шілде күні Германия үкіметі «Сутегі мен сутегі туындыларын импорттау стратегиялары» атты құжатты бекітті. Экономика және климатты қорғау министрі Роберт Хабек бұл құжат шетелдік әріптестерге емеурін деген пікірді тұжырымдаған.

2032 жылға қарай жеке компаниялар Германияда жалпы ұзындығы 10 000 километрге жуық сутегі құбырларының негізгі желісін құруды көздеп отыр. Оның шамамен 40%-ы H2-ні тасымалдау үшін арнайы салынады. Ал 60%-ы жаңа шикізатты тасымалдайтын қолданыстағы газ құбырлары болады.

Осы ретте Германия Қазақстанға серіктес ретінде сенім артып отыр. Стратегиялық құжатта Еуроодақ аумағынан тыс жатқан 40 елдің тізімі берілген. Оның қатарына Қазақстан енген. Орталық Азия елінің батысындағы, яғни Каспий теңізінің жағалауындағы Маңғыстау түбегі «жасыл энергия» көзі болғалы тұр. Мұнда былтыр Қазақстан мен Германия бірлесіп ауқымды жобаны бастап кетті.

Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланған. 2023 жылы ауқымды жобаны Svevind Energy Group компаниясы қолға алды. Маңғыстау облысының Қарақия ауданында «жасыл» сутегі өндіретін зауыт салынады. «Жасыл» сутегі болашақтың энергия тасымалдаушысы деп аталады. Алайда оны өндіру мен тасымалдау өте қымбатқа түседі. Егер бәрі жоспарға сай болса, жеті жылдан кейін Құрық маңындағы өндірістік кешен іске қосылып, 2032 жылы жобалық қуатына жетеді. Зауыт жылына 2 миллион тоннаға дейін «жасыл» сутегін өндіруге қауқарлы болады. Егер шикізат сараптамадан өтсе, Еуропа үшін Қазақстан жаңа дәліз ашады.

Сондай-ақ оқыңыз