БҚО-да белгісіз індеттен мал жаппай қырылды: министрлік тексеріс жүргізіп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жергілікті тұрғындар ұсақ малдардың қырылу себебін толасыз жауған жаңбырмен байланыстырады / Фото: архив kursiv.media 

Батыс Қазақстанда беймәлім аурудан ұсақ мал жаппай қырылып жатыр. АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық департаменті әлеуметтік желілерде малдың жаппай ауруға шалдығуы және қырылуына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. 

Желідегі жазба авторы оқиғаның себебі жұқпалы аурудың өршуімен байланысты деп болжайды. Сондай-ақ толассыз жауған жаңбырдан соң, ұсақ мал әлсіреп кеткенін айтады.

«Анықталғандай, 24 шілде күні таңғы сағат 6:00-ден бастап Казтлов ауылында қатты жаңбыр жауған.  Шопан жайылымнан қойларын ауылға айдай алмай, Казталов ауылдық округіндегі Мышым қыстауына тастап кеткен. Нәтижесінде 25 шілдеге қараған түні 38 бас қой-ешкі қырылды», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство атап өткендей, сол күні ветеринарлық қызмет мамандары өлекселерді мал қорымына шығарған. Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін өлген 2 бас қой мен 1 ешкіден патологиялық материалдар іріктеліп алынып, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық ветеринариялық зертханасына жіберілген.

Оның нәтижелері 5 тамызда дайын болады. Эпизоотиялық жағдай осы аумақтың ветеринариялық қызметінің бақылауында.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысы Қордай ауданының Бетқайнар ауылдық округінде қатты жаңбыр салдарынан таулы аймақта сел жүрген еді. Нәтижесінде, «Береке» шаруа қожалығының 671 бас ұсақ малы мен 10 бас жылқысы сумен ағып кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз