Талдықорғандағы «Ардагерлер саябағы» мемлекет меншігіне қайтарылды. Саябақты заңсыз иемденген азамат онда элиталық коттедж қалашығын салуды жоспарлап қойған.
Сот Жетісу прокурорларының Талдықорғандағы саябақ жерлерін мемлекетке қайтару туралы талап арызын қабылдады.
«Ардагерлер саябағының» 74 гектар жерін жеке тұлғаға беруді заңсыз деп тану және оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызын қанағаттандырды»,-делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратураның мәліметінше, 2004 жылы саябақ аумағына жататын учаске жеке тұлғаға заңсыз берілген. Кейін жер иесі онда элиталық коттедж қалашығын салуды көздеп, пайдалану мақсатын өзгерткен. Сол үшін саябақ аумағы 240 учаскеге бөлінген.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі болған Алматы қаласындағы спорт мектебі де мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша құны 1,2 млрд теңге болатын мемлекеттік мүлік қайтарылған.
Сондай-ақ СҚО прокурорлары 300 млн теңге активтерді мемлекет меншігіне қайтарған болатын.
Айта кетейік, елімізде мемлекетке қайтарылған жерлерді бөлу мақсатында өтетін конкурстардың шарттары қайта қаралатын болады. Пилоттық режимде мемлекеттік жер кадастрының және техникалық зерттеудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2.0 жер пайдаланушының есептік жазбасы құрылды. Онда топырақтың (қарашірік, жылжымалы минералдар) және өсімдік жамылғысының жай-күйінің жоғары сапалы агрохимиялық сипаттамасы бар жер учаскесі туралы ақпарат болады. Оны ұтымды пайдалану критерийлеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін бес жыл сайын учаскені зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Егер өнімділіктің нашарлауы анықталса, тиісті шаралар қабылданады.