Денсаулық сақтау министрі фармкомпанияларды дәрі-дәрмек бағасын арзандартуға шақырды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Министрлік дәрі-дәрмек бағасы арзандатуға мүдделі / Фото: ҚР ДСМ

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова фармацевтика компанияларын дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге шақырды. Ол фармкомпанияларды «әлеуметтік жауапкершілік танытуға» үндеді.

Министр фармкомпаниялар және негізгі дистрибьюторлармен 2025 жылға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

”Мемлекет барлық азамат үшін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ұмтылады. Сатып алу науқанын бастамас бұрын, өндіруші белгілеген дәрі-дәрмек бағасы қолайлы және қолжетімді екеніне көз жеткізу маңызды. Бұл ретте жергілікті дистрибьюторлардың үстеме бағасы регрессивті үстеме шектерде қалуы тиіс», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

«СҚ-Фармация» ЖШС дерегі бойынша, Бірыңғай дистрибьютор сатып алуды ұзақмерзімді шарттар, тікелей келісімшарттар, халықаралық ұйымдар мен тендерлер арқылы жүзеге асырады. Тендер және отандық өндірушілермен ұзақмерзімді шарт бойынша сатып алу үлесі 88%-ды құрайды.

Конкурстық рәсімдер нәтижесінде былтыр 21,5 млрд теңге үнемделген. Биыл 50 млрд теңге қазынада қалған. Дегенмен генериялық немесе биоұқсас препараттардың бағасы бастапқы дәрі-дәрмектердің құнынан асатын жағдайлар бар. Министрлік мұндай жағдайларды жойыа, баға жүйесін жақсартып жатыр.

Сатып алудағы отандық өнімнің үлесін арттыру үшін 10 жылға дейінгі ұзақмерзімді шарттар жасалады. Дегенмен барлық өндіруші мен дистрибьютордың барлығы бірдей жеңілдіктер бермейді.

Қазақтанда дәрі-дәрмек бағасы тым қымбат

Бұған дейін ДСМ-де тексеріс жүргізген Жоғары аудиторлық палата дәрілердің зауыт бағасынан 172%-ға қымбат сатылатынын анықтаған.

Жүргізілген аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласында 36 жүйелік кемшілік анықталған. Атап айтқанда, министрлік бағдарламалар әзірлеу кезінде отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға басымдық бермейтіні, дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайтыны белгілі болған. Солайша отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20%-дан төмен болып шыққан.

Сонымен бірге палата төрағасы мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қадағаламайтынына назар аударған. Айтуынша, бұл өндірушіге 2000%-ға дейін үстеме баға белгілеуіне жол ашады. Бұдан бөлек Әлихан Смайылов баға белгілеу тетігінің кемшіліктеріне де тоқталған. Мәселен, «СК-Фармация» ЖШС жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алып отырған. Нәтижесінде оның сомасы 8 млрд теңгеден асқан.

Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алу шаралары сапасыз жоспарланған. Нәтижесінде медициналық ұйымдар 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартқан. Одан бөлек 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған. Кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған. Сонымен бірге сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар да анықталған. Яғни 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары бола тұра, «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектер сатып алу жағдайлары кездескен.

Министрлік не деді?

Жоғарғы аудиторлық палата тексерісінен кейін, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын төмендететін мәлімдеді. Бұл делдалдарды алып тастау және дәрі-дәрмектерді тікелей өндірушілерден сатып алған жағдайда жүзеге асады.

Министрлік сатып алу тиімділігін арттыру үшін тауарларды жоспарлау мен бөлуді автоматтандыратын ақпараттық жүйені енгізгенін мәлім етті. Бұл есептен шығарылған препараттардың санын азайтады. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордың қызметі өндірушілермен тікелей шарттар жасасуға бағытталатынын мәлімдейді. Бұл делдалдарды алып тастаудың есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге мүмкіндік береді деген пікірде.

«Ішкі тергеу жүйелі кемшіліктер мен тиісті бақылаудың жоқтығын анықтады, нәтижесінде министрліктің жауапты бөлімшелері мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының негізгі басшылары қызметінен босатылды. Қабылданып жатқан шаралар Қазақстан халқын қауіпсіз және сапалы дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік пациенттердің, мемлекеттің және өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, дәрілік заттарға баға белгілеу тетігін қайта қарайтынын жеткізді.

«СҚ-Фармация» 315 млрд теңгеге 92 заңсыз шарт жасаған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «СҚ-Фармация» компаниясынының 315 млрд теңгеге 92 заңсыз шарт жасасқанын анықтаған.

Агенттік ақпаратына сүйенсек, 36 отандық өндірушімен жалпы көлемі 315 млрд теңгеге жасалған 92 шарттың айқын болмауы, іс жүзінде отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға ниеті жоқ компанияларды негізсіз байытуға ықпал еткен. Сонымен қатар 8 отандық өндірушінің қызметінде нақты өндірістің орнына шетелдік өнімдерді (қолғап, шприц, йод және т.б.) әкелу белгілері бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің тексеруіне қатысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да түсініктеме берді.

«Сыбайлас жемқорлық агентігі мен денсаулық сактау министрлігі бірлесіп жылдың 1-тоқсанында «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдармен уақтылы және сапалы қамтамасыз ету, фармацевтика саласын дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға кедергі келтіретін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екені анықталды. Жауапты адамдар жұмыстан шығарылып, жазасын алады», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз