Париж Олимпиадасындағы алғашқы алтын: Дзюдошы Елдос Сметов – Олимпиада чемпионы

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды Елдос Сметов салды
Елдос Сметов – Олимпиада чемпионы / Фото: Спорт және туризм министрлігі

Париж Олимпиадасының алғашқы жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын түсті. Ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды.

Қазақ палуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.

«Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті», – деп жазады Спорт және туризм министрлігі.

Жалпы Сметов үшін Парижде жеребе оңай болмаған. Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина), ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей) жыққан. Ал жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды.

Парижде ерлер арасында 60 кг дейінгі салмақта қоланы Франсиско Гарригос пен Рюдзу Нагаяма (Жапония) алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елдос Сметовке телефон шалып, оны Олимп шыңын бағындыруымен құттықтады.

«Қазақтың рухын, жалпы халқымыздың мықты мінезін көрсеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, тамаша жеңіске жеттің, нағыз жігітсің! Сен сияқты жігіттердің арқасында туымыз әрқашанда асқақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістерге жете бер. Саған және отбасыңа аманшылық тілеймін. Астанада кездескенше!» – деді Президент.

️Бұған дейін Қазақстан спортшылары нысана көздеуден қола жүлде алған.

Нысана көздеуден қазақстандық Ислам Сәтпаев пен Александра Ле пневматикалық мылтықпен он метрден атуда аралас командалық жарыста Германия құрамасынан (Анна Янсен, Максимилиан Ульбрих) басым түсті.

Сондай-ақ оқыңыз