Жаңалықтар

Мұнай-газ кен орындарын игеретін шетелдік инвесторлармен жасалған келісімдерде Назарбаевтың әулет есімі бар ма?

Фото: kursiv.media

Ресми ресурста «ТШО, КПО және НКОК бойынша ӨБК шарттарын ашуды талап етеміз» деген бірнеше қысқарған сөз жазылған петиция пайда болды. Петиция иелері Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игеріп жатқан шетелдіктермен өнімді бөлісу туралы келісімді (ӨБК) жария етуді талап етеді. Бірақ, талап етушілер ойлағандай, келісімдерді бірлесе оқып шыққаннан «Қазақстан жері қойнауының байлығына халық ортақтастырыла» ма?

Бұл петиция құжатты жария етсін деп ӨБК-дегі бір тарап – мемлекетті мәжбүрлеуге тырысқан бірінші талпыныс емес. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. 2022 және 2023 жылдары «Ақ жол» партиясы Қарашығанақ және Солтүстік Каспий (Қашаған) жобалары бойынша ӨБК-ні жария ету талабымен үкіметке жүгінді. Үкімет КПО («Қарашығанақ Петролиум Оперейтиң») және НКОК-пен («Норт Каспиан Оперейтиң Компани») жасалған ӨБК-нің құпиялылығына сілтеме жасай отырып, мұны орындаудан бас тартты. Партия жетекшісі Азат Перуашев сонда да тоқтамай, 2023 жылы Конституциялық сотқа өтініш жолдады.

Ол соттан саясаткер үкіметтің бас тартуын Конституцияға қарсы деп танып, «қазіргі ӨБК атаулыны тоқтатуға шешім шығаруын» сұрады. Конституциялық сот көрсетілген мәселелердің өз құзыретіне жатпайтындығын айтып өтінішті қарамады.
Жарияланған петицияның авторы Олег Пак та, тура саясаткер Азат Перуашев сияқты 2022 жылғы референдумнан кейін Конституцияға енгізілген өзгерістерге сүйенеді. Негізгі заңда «жер қойнауы халыққа тиесілі» (бұрын – «мемлекет меншігінде») деген тіркес пайда болған.

«Құқықтық орта» өзгерген екен, ендеше ӨБК-лерді де конституциялық нормаға сәйкестендіру қажет, яғни «шетелдік өндіруші компанияларға ескі Қазақстанның басшылығы қол қойған келісімдер мен келісімшарттардан құпиялылықты алып тастауды ұсыну керек».

«[Шетелдік инвесторлар] бас тартқан жағдайда мемлекет басшысы мұны бір жақты тәртіпте жасауға құқылы», – деп біледі петиция иесі. Сондай-ақ ол «ӨБК-ні Конституцияға сәйкес келтіру қажеттігін шетелдік пайдаланушылар жүгінген кез келген халықаралық төрелік сот теріске шығара ала алмайды», – деп толықтырады сөзін.

«PSA» ЖШС (ӨБК-де Қазақстанның атынан өкілдік ететін уәкілетті орган) құқықтық қамтамасыз ету департаментінің экс-директоры Асқар Қалдыбаевтың айтуынша, ӨБК-лерді ашу үшін негіздемелерді дұрыс дайындаған жағдайда төрелік сот Қазақстан жағына шығуы мүмкін. Ал жалпы инвесторлардың бұл мәселе бойынша төрелік сотқа жүгінері – екіталай шаруа.

Қалдыбаевтың пікірінше, петицияда айтылған конституциялық норманы былай қойғанның өзінде, ӨБК халық үшін ашық болуға тиіс еді, өйткені Конституция бойынша биліктің жалғыз көзі – халық, ендеше жер қойнауы Қазақстанға, яғни халыққа тиесілі.

ӨБК-нің егжей-тегжейі

Өнімді бөлу туралы келісімдер, XX ғасырдың басында пайда болған концессияларға қарағанда, кен қазу саласындағы анағұрлым прогрессивтік келісімшарттар. Алғаш пайда болған түріндегі концессиялар метрополияларға колониялардың ресурстық әлеуетін белсене пайдалануға мүмкіндік берді. Бодандыққа қарсы күрес жүріп, әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы табиғи түрде өндіруші компаниялар мен ресурсқа бай елдер арасындағы қарым-қатынасты реттеу жолы туралы ойлануға мәжбүр етті.

Бұл сұрақтың жауабы өнімді бөлу туралы келісім болды. ӨБК алғаш рет 1966 жылы Индонезияда пайдаланылды.

«ӨБК аясында инвестор мен мемлекет келісімге қол қояды да, инвестор кен орнын игереді. Роялти төленгеннен кейін инвестор өндірілген өнімнің белгілі бір бөлігін (өтем есебінде, Cost Oil) шығындарын өтеу үшін алады. Қалған бөлігі пайдалы өнім (Profit Oil) болып саналады және инвестор мен мемлекет арасында бөлінеді. Инвестор өз үлесінен пайда салығын және салық заңнамасында арнайы белгіленген басқа да салықтарды төлейді», – дейді экономист Айзада Аққайсиева.

Ол шетелдік инвесторлардың неге ӨБК сияқты заңды құралды артық көретінін түсіндіреді:

«Салық салудың икемді режимінде түпкілікті пайданың көп бөлігі шикізатты сатудан түседі, яғни бюджет кірісінің көп бөлігі айырбасталатын тауар – мұнай есебінен қалыптасады. Ерекше режим болғандықтан ӨБК белгісіз факторлардың едәуір қысқаруы есебінен жобалардың экономикалық тиімділігін анағұрлым дәл есептеуге мүмкіндік береді және инвесторларға қолайлы тәуекел дәрежесі мен тұрақтылыққа кепілдік береді».

Неғұрлым инвестор шығынының орны ертерек толтырылған сайын, соғұрлым мемлекет игеріліп жатқан кен орындарынан көбірек бенефит ала бастайды. Сәтсіздік тәуекелі инвесторға тиесілі екенін ескерсек, жалпы ӨБК мемлекет үшін де тиімді схема деуге болады. Бірақ егжей-тегжейіне бармай-ақ қоялық.

«Нюанстар өтелетін шығындар жағында, – деп, Асқар Қалдыбаев мысал келтіреді: – Инвесторлар белгілі бір жұмыстарға 100 миллион доллар жұмсады деп мәлімдеуі мүмкін. Жыл сайын өтелетін шығындарға аудит жүргізетін мемлекет 100 миллион доллар инвестордың айтқанына жұмсалды ма, әлде ол шығындар жобаға байланысты ма, соны анықтауы керек. Егер оның бұл жобаға қатысы болмаса, онда мемлекет өтелетін шығындардан көрсетілген соманы алып тастай алады».

Ол инвестордың шығын мөлшерін асыра көрсетуі мүмкін екенін айтады. Егер аудиторлар ештеңе таппаса, онда бұл шығындарды Қазақстан өтейді, оған қоса шетелдік инвестор өз елінен мердігер тартып, сонысымен өз экономикасына да көмектеседі.

«Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық жеткізушілерді қолдаған дұрыс, сонда олар дами алады. Бірақ мұның да қаншалықты іске асатыны белгісіз», – дейді заңгер.

Ол сондай-ақ инвесторлар жасайтын сатып алу ісінде де проблемалар бар екенін атап өтті. «Бастапқыда шарт белгілі бір сомаға, мәселен 10 миллион долларға, жасалады. Сосын қосымша тендер өткізбей-ақ, жұмыс көлемін ұлғайтпай-ақ бұл келісімшартты ұзартып, әлдеқайда ірі сома белгіленеді», – дейді Асқар Қалдыбаев.

Ашуға болмай ма, әлде жабуға болмай ма?

Асқар Қалдыбаев ӨБК атаулы ашылуға тиіс, себебі ол нағыз мемлекет пен халық мүддесіне қатысты нәрсе дейді. Бірақ мәселе ӨБК мәтінін жариялаумен ғана бітпейді деп нығарлады Қалдыбаев.

«ӨБК-нің қалай орындалатынын түсіну маңызды. Бұл шарттың орындалуын жария қылу қажет: шығындардың жыл сайынғы аудиті, оның негізділігі, инвестор үлесі қаншалықты өтелді, нақты қандай бюджеттер белгіленген, не нәрсеге негізделген әрі қалай орындалады; сатып алу рәсімдерінің ашықтығы қажет: инвестор жұмыстар, қызметтер және тауарларды кімнен әрі қандай бағамен сатып алады. Ашық болған сайын, бақылау мүмкіндігі артып, теріс пиғылда пайдаланып кету мүмкіндігі азаяды. Бұл мәселеге жүйелі түрде келу керек. Сонда ғана ӨБК мемлекет пен халық мүддесін таптап жатыр ма, жоқ па, анықтауға болады», – деп түсіндірді заңгер өз пайымын.

Мұнай-газ саласының қалтарыс-бұлтарысын білетін бірнеше адам ӨБК-ні оқып, «Курсивке» құжаттарда Қазақстан мүддесіне қайшы келетін ештеңе жоқ екенін айтты. Әйтпесе Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетесімі тұрса әрі ел мүддесіне қайшы болса, жұртшылық баяғыда шулатып әкетер еді. Мәселе мынада, министрліктер өкілдерінен бастап мұнай-газ компанияларының қызметкерлеріне дейін – көптеген қазақстандық маман үшін ӨБК ашық.

Бұл келісімшарттардың жай-күйін білетін Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов:

«IRR мен NPV негізінде Cost Oil мен Profit Oil-ді бөлуден басқа тұсында жай адам түсінбейтін құпия ештеңе жоқ», – деді.

Асқар Қалдыбаев секілді емес, Жұмағұлов, керісінше, құжаттарды жариялауға қарсы:

«ӨБК шарттарын немесе Теңіз жөніндегі шартты жария еткеннен ештеңе өзгермейді. Бұл жерде эмоция басым, себебі халық жер иесіне айналғалы инвесторлардың жер қойнауын пайдалану шарттары туралы білуге талап қылып жатыр».

Жұмағұлов тағы мынаны ойлауға шақырады: келісімшарттар жария етілгенде жоба операторларының жүздеген миллион долларға өңірлердің әлеуметтік дамуына қаражат аударуға міндетті болмағаны мен мемлекеттік органдар мердігерлер/жеткізушілерге негізсіз түрлі салық пен баж салығын белгілегені анықталуы мүмкін

«ТШО наразылық күшімен тікелей Ұлттық қорға түсуге тиіс роялти орнына экспорттық-кедендік баж салығын төлеп келеді (2010 жылдан бастап. – «Курсив»). Ақшаның көбі тікелей ел бюджетіне түссе, ал Ұлттық қорға азы түссе, міне, үкіметке, негізі, осы тиімді. Мұнайдың қазіргі бағасымен есептегенде, ТШО-ның экспорттық-кедендік баж салығы жылына 1 трлн теңгені құрайды. Ал БКЖ (Болашақта кеңейту жобасы) іске қосылғаннан кейін төлем мөлшері тек жоғарылай беретін болады», – деп мысал келтіреді Жұмағұлов.

Өзінің telegram арнасында ол ашық дереккөздердің көмегімен инвесторлардың Қарашығанақтан қанша табыс табатынын түсінуге болатынын айтады. «ҚМГ Қарашығанақ» ЖШС аудиттелген есебінің негізінде (Қарашығанақтағы 10%-дық үлесі) ол жобалап есептеп-ақ мынадай түйін жасады: 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қарашығанақ инвесторлары 1 млрд доллар табыс тапты. Сөйткен Қарашығанақ кен орнының операторы – КПО Қазақстанның бюджеті мен Ұлттық қорына 977 млрд теңге ($2,1 млрд) төледі.

«Одан бөлек тағы ӨБТК шарттарына сәйкес (Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім. – «Курсив»), акционерлерінің табыстарына 30% табыс салығы салынады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, акционерлердің жалпы төлемдері 350 млрд теңгені немесе 760 млн долларды құрады. Сонда мемлекет қазынасына 2,9 млрд доллар түсті, ал, 10% үлесін қоса алғанда, ҚМГ-ның пайдасы – 1 млрд доллар», – деп есептеді Жұмағұлов.

Ол орта есеппен Қарашығанақ жобасы бойынша мемлекет үлесіне пайданың 70%-ы түсетінін, мұнай бағасы жоғарылап, капиталдық және операциялық шығын төмен болғанда бұл үлестің 80%-ға дейін де жететінін айтып сөзін толықтырды. «Келісімшарттардың бірінде ашықтан-ашық Назарбаевтың үлесі жазылған деген қауесетке сене бермей, майлы нүкте қою керек», – деп ұсыныс жасайды Жұмағұлов.

Бұл мәселенің нүктесін шетелдік инвесторлар қояр еді, шіркін. Бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловтың депутаттарға берген жауабына қарағанда, ӨБК ақпаратын «екінші тараптың жазбаша келісімінсіз бір-ақ тарап аша алмайды». Яғни мемлекет шетелдік серіктестерге «бетін ашып көрсетуді» ұсына алады.

«Курсив» «PSA» ЖШС-не осындай әрекеттер жасалған-жасалмағанын хабарлауын өтініп сұрау жолдады. Сол, мемлекеттік компаниядан жауап келмеген күйі мақала жарияланып қойды.

Олег Пак жариялаған петиция ӨБК-ні ашық қылу мәселесін үкімет үшін қайтадан өзекті етуі мүмкін. Ол үшін 2024 жылғы 25 желтоқсанға дейін онлайн-талапқа 50 мың қол қойылуы керек. Тек осынша адам үн қатқанда ғана шенеуніктер петицияға мән беріп, жауап беруге тиіс болады екен. 2024 жылғы 25 шілдеге дейін (жарияланғаннан кейін бір ай өткенде) петицияға 1430 қазақстандық қол қойды.