Lifestyle

️Қазақстан Париждегі алғашқы медалін иеленді: нысана көздеуден қола жүлде қоржынға түсті

Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

️Қазақстан Париждегі алғашқы медалін иеленді. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.

Нысана көздеуден қазақстандық Ислам Сәтпаев пен Александра Ле пневматикалық мылтықпен он метрден атуда аралас командалық жарыста Париж олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Алғаш рет олимпиада ойындарына қатысып тұрған қазақстандық спортшылар жұбы Германия құрамасынан (Анна Янсен, Максимилиан Ульбрих) басым түсті.

Айта кетейік, біздің мергендер ертеректе іріктеуде 630,1 ұпай жинаған. Ислам мен Александра дуэті – былтыр Ханчжоуда өткен жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері.

Қазақстан құрамасы нысана ату спорт түрі бойынша бұған дейін сонау 1996 жылы Атланта Олимпиадасында 2 күміс, 1 қола жүлде алған еді.

Париж Олимпиадасының алғашқы ресми жарыс күнінде қазақстандық споршылар 8 спорт түрінен сайысқа шығады. 

XXXIII Жазғы Олимпиаданы Qazaqstan, Qazsport, Хабар, Ел арна және JibekJoly телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.