Жасанды интеллектіні қолданып контент жасайтындар көбейіп келеді. Әрі ол мәтін жазып берумен ғана шектелмей, таргет жіберу, дизайн жасау, уеб-сайттар құрастыру сынды шаруаларды да жақсы атқарады. Сол құралдарды үйрететін курс жасап сататындар да бар. Әйтсе де, кез келген жаңашылдықтың жақсы тұсымен қатар, кемшін жағы да болады. Жасанды интеллект арқылы контент жасағанда да солай.
Копирайтиң саласындағы AI қолданысы
Күн өткен сайын сапалы мәтінге сұраныс артып жатыр. Копирайтиң дижитал маркетиң мен онлайн-коммуникацияның ажырамайтын бөлігіне айналды десек, артық болмас. Бірақ екінің бірі мәтіннің жілігін шағып, майын ішкен маман бола алмайды. Есесіне, жасанды интеллект стилін, аналитикасын қатырып, берген тапсырмаға қарай мәтін жазып бере алады. Ендеше, алдымен жасанды интеллект жасайтын контенттің копирайтиң саласында қолданудың артықшылығын айтайық.
- Жылдам, демек бизнес үшін тиімді. Жасанды интеллект санаулы минут ішінде ұзын-сонар мәтін дайындап бере алады. Әсіресе, уақыт қысқан кезде таптырмайды. Адам шаршап қалатын болса, AI-да мұндай қасиет жоқ. Үзіліс сұрамайды.
- Қалаған стиліңізге салып жазып береді. Компания не бренд үшін белгілі бір стильді таңдап, сол бойынша қарқын ұстап тұрған жақсы. Үнемі бір қалыпты ұстайтындықтан, жасанды интеллект адамға қарағанда тиімді. Көңіл-күйі құбылмайды, шабыт жоғын айтып жатып алмайды.
- Анализді өте жақсы жасайды. Аудиторияны тартатын, өтімді мәтіндердің қандай болатынын кей платформалар автомат түрде анализ жасап дайындап береді. Соның арқасында контент стратегиясын құруға болады.
- Жасанды интеллект — полиглот. Бір уақытта бірнеше тілде контент дайындай береді.
Бұл тізіп шыққанның бәрі керемет, әрине. Десе де, кемшілігі де жоқ емес. Оларды да атап өтпесек болмас. Сонымен басты минустары мынадай:
- Креатив жоқ. Жасанды интеллект бірегей әрі креатив идеялар ойлап таба алмайды. Себебі ол дайын деректер мен алгоритмдерге сүйене отырып қана контентті генерациялайды. Демек одан оригинал контент күтуге болмайды. Бәлкім, болашақта ол да шығып қалар. Әзірге бұл тұста адам алда тұр.
- Не қалап тұрғаныңызды дұрыс түсінбеуі мүмкін. Жасанды интеллект сіз айтқан тапсырмаларға қарап мәтін дайындайды. Бірақ нені меңзегеніңізді, спецификаны түсінбей қалып жататын кез көп болады. Соның кесірінен ойыңыздан шықпайтын мәтін дайындап беруі ғажап емес.
- Ол датаға тәуелді. Жасанды интеллектінің жұмысы сапалы болуы үшін дерек мол болуы керек. Яғни оны үйрететін, оқытатын дата мол болмаса, жұмысы сапалы болмайды. Айталық, деректер ескіріп кетсе, онда нәтижесі де сапасыз болады деген сөз.
Жарнама саласындағы AI қолданысы
Маркетиң әлемін жасанды интеллект түбегейлі өзгертіп, жаңа тынысын ашып жатыр. Тұтынушыларға жасалатын жарнама әдістерінің өзгеруіне де AI үлес қосты. Әрі бұл тенденция таяу арада тоқтамайтын сияқты. Мысалы 2023 жылы маркетиңдегі жасанды интеллект нарығының жаһандық табысы 27,4 млрд доллар болған. Бұл сома енді бес жылда 107,4 млрд долларға дейін көбейеді деген болжам бар. Олай болса, компанияның бәрі жасанды интеллектіге жүгінуі керек деген сөз бе? Осы сауал төңірегінде жауап іздеп көрейік. Ол үшін артықшылықтары мен кемшіліктерін тізейік. Плюстерінен бастаймыз.
- Берген жарнамаңыз аудиториясын дөп табады. Жалпы жарнама саласында таргет жақсы жасалуы үшін деректерге сүйене отырып клиенттердің мінез-құлқына болжам жасалады. Forbes бір зерттеуінде AI мен биг дата біріккен кезде адам еңбегінің шамамен 80 пайызға жуығын автоматтандыруға болады деп түйіндеген. Одан қала берді деректерді өңдегенде — 70 пайыз, мәліметтерді жинағанда 64 пайызға автоматтандыра алады. Демек жасанды интеллект құралдары маркетиң саласына өте жақсы көмектеседі деген сөз.
- Көбірек клиент тартуға көмектеседі. Жасанды интеллект бизнеске қай тәсілді өтімді екенін жылдам бағалап көруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге не нәрсе жетіспейтінін де біле алады. Айталық, Coca-Cola тұтынушыларының бренд жайлы әлеуметтік желіде не айтатынын жасанды интеллект алгоритмдері арқылы назарда ұстап отырады. Содан анализ жасайды. Әлеуметтік желідегі контенттің 120 000 элементін зерттей келе, ол клиенттерінің демографиялық деректерін, мінез-құлқын жақсырақ білген. Соның арқасында бренд контентті тұтынушыларының қалауына қарай өзгертіп, аудиторияны одан әрі кеңейтуге мүмкіндік алып отыр.
- Уақыт пен ақшаға әжептәуір үнем. Жасанды интеллектінің көз ілеспес жылдамдықпен жұмыс істейтінін білеміз. Ол өте көлемді деректерді демде жинап, анализ жасап, сорттай алады. Сөйтіп сол деректерге қарап тенденция қандай екенін анықтайды. Бұл болса, маркетологтарға жарнаманы қалай беру керек екенін түсінуге көмектеседі.
Жасанды интеллектіні жарнама үшін қолданғанның кемшіліктерін атап өтейік. Бренд мынадай қиындықтарға тап болуы мүмкін:
- Кей деректер қате болып шығуы мүмкін. Енгізілген дата нақты болса, онда жасанды интеллект жасаған жұмыс сапалы болады. Демек, мәліметтің ішінде клиенттің барлық қалауы, мінез-құлқы дәл сипатталуы керек. Олай болмаса, жұмыстан нәтиже шықпайды. Компаниялар жасанды интеллект моделіне енгізілетін деректердің дұрыс-бұрысын тексеретін тәсілдерге инвестиция жасауды шығын көрмеуі керек. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болады.
- Жасанды интеллектіде шығармашылық қабілет жоқ. Жарнама кампанияларын өткізуге керек деректерді жинауға таптырмайтын құрал екені белгілі. Десе де, креатив идеялар ойлап табуға шамасы жетпейді. Ажиотаж тудыратын, ерекше ойларды адам ғана жасай алады. Сол себепті тек жасанды интеллект күшімен жасалған жарнама іш пыстыруы мүмкін.
- Жеке деректердің қорғалуына қатысты мәселе бар. Жасанды интеллект персонал жарнама жасау үшін деректер жинай алатынын білеміз. Дегенмен ЖИ алгоритмдері мен модельдері тұтынушылар туралы құпия деректерді де абайсызда жинап алуы ғажап емес. Сондықтан жарнама деректерін жинау үшін AI қолданатын компаниялар тұтынушылар жайлы деректерді қалай қорғауға болатынын ойластырып, қауіпті сейілтуі қажет.
Уеб-сайт жасау үшін AI қолдануға қатысты
Жасанды интеллект дизайнерлердің де, бағдарламалаушылардың да уақытын әжептәуір үнемдеуге көмектеседі. Осы ретте жасанды интеллектіні уеб-сайт жасау үшін қолданудың артықшылықтарынан бастайық.
- Қайталана беретін жұмыстарды тапсырып қоюға болады. Уеб-дизайнер не бағдарламалаушылардан сұрасаңыз, жұмыс барысында басы артық процесс көп екенін айтады. Адамның қатысынсыз жүргізе беруге болатын мұндай күйбең шаруаларды жасанды интеллектіге тапсырғанның оқасы жоқ. Танымал тәжірибелерді стандарттап қойса, ЖИ сіз үшін ол шаруаларды жасай береді. Үнемі қайталана беретін базалық тапсырмаларды AI жасаса, команда мүшелері одан маңызды, шабытты талап ететін істермен шұғылдануға молырақ уақыт табады.
- Қолданушылар тәжірибесін персонал қылуға көмектеседі. Юзер үшін уеб-сайт персонализациясын меңгергеннің маңызды екені белгілі. Instapage жүргізген зерттеу нәтижесіне қарасақ, тұтынушылардың 74 пайызы контент лайықталмаған болса, ренжиді екен. Сондықтан персонализацияны арттыру үшін жасанды интеллектіні құрал ретінде қолдану керек. Сол арқылы конверсия коэффициенті жақсара түседі.
- Дизайнерлер мен бағдарламалаушылар қолданушыларды жақсырақ түсіне бастайды. Жасанды интеллект олардың жасап шығарған еңбегін юзерлер қалай қолданатынына қатысты маңызды деректер ұсына алады. Жалпы алғанда қолданушыларды зерттемейтін компания болмайды. Анализ жүргізіп, нәтиже шығаруға өте көп уақыт керек. Осы ретте жасанды интеллект көмекке келеді. Көлемді контентті санаулы сәтте талдауға мүмкіндік береді.
- Инклюзив сайт жасауға көмектеседі. Әрине, дизайнерлер мен бағдарламалаушылар жасанды интеллект болмаған кезде де барлығының қажетін өтейтіндей жұмыс ұсынуға тырысты. Алайда қазір көмекші пайда болды. Олай болса, неге қолданбасқа?
Уеб-сайт құрастыруға да, дизайнын жасауға да жасанды интеллект керемет көмектеседі. Артықшылығы мол. Дегенмен назарда ұстауымыз керек кемшіліктері де бар.
- Этикаға қатысты проблема бар. Жасанды интеллектіні қолдану әдебіне қатысты нұсқаулық әзірге жоқ. Әзірге бұл жағы реттелмеген. Бәрі компания мен жеке тұлғалардың ұстанымына ғана байланысты. Яғни барлығы жауапкершілікке келіп тіреледі. Тез құбылатын заманда қолданып отырған контентіне қатысты этиканы екінің бірі зерттей бермейді. Бұл — үлкен минус. Сондықтан жасанды интеллектінің қолданатын дереккөзіне қатысты көңіліңізде күмән үнемі болады. Одан қала берді жалған кестелер, суреттер қолданып контент дайындауы да мүмкін. Мұны жоққа шығара алмаймыз.
- Жасанды интеллект адамның орнын баса алмайды. Шығармашылық жетіспейді. Оның жасаған контентіне жан бітпегендей болып көрініп тұрады. Ал жансыз контент жүректі жауламайды. Былайша айтқанда, жасанды интеллект генерациялар берген уеб-дизайнға адамның көзқарасы, қолы жетіспей тұрады. Сондықтан сізге бәрібір командаға дизайнер мен бағдарламалаушы керек. Өйткені адамдар сайтқа мол тәжірибесін салады, қолданушылар интерфейсін ұштап, реттеп отырады. Ал жасанды интеллект болса, үлгі бойынша берілген объектив қана жасайды. Бизнес иелері ақша үнемдеймін деп осы тұсты ескерусіз қалдырмауы қажет. Сізге керек дизайн не уеб-бағдарламалауды істеу үшін жасанды интеллектіге жүгінген, әрине, үнемді. Десек те, ол жерде ерекшелік, креатив болмайды. Қолданушыны тартып, келесіде қайтып келетіндей айрықша талғам қосылмайды. Егер жасанды интеллектіні қолданып сайт жасау қарқыны күшейсе, онда дижитал кеңістікте барлығы бірдей болып кетуі мүмкін. Яғни уеб-сайттар бір-бірінен айырмашылығы жоқ, автоматтандырылған үлгі бойынша жасала береді деген сөз. Дизайн саласындағы профессионал мамандар қабілетін көрсетіп, олардың жұмысы өте өзекті, маңызды екенін көрсету үшін көп тер төгуі керек. Әйтпесе, бірінен бірі айнымайтын сайттар мен дизайнды көретін күнге жетеміз.
- Дизайнерлер мен уеб-бағдарламалаушыларды жұмыстан шығарып, оның орнына жасанды интеллект құралдарын қолданатын тенденция басталуы мүмкін. Бизнес иелері осы тұста абай болуы керек. Жалпы алғанда мықты маманды жасанды интеллект ығыстыра алмайды. Бұл жайлы жиі айтылады. Десек те, «AI дизайнды керемет жасайды, жұмысты соған алаңсыз тапсыруға болады» деп қателесетіндер бар. Дженератив жасанды интеллект те басқа құралдар сияқты тул ғана. Оны дамытып, қатесін түзетіп, реттеп отыратын адам керек. Құрал ретінде ғана пайдаланбай, дизайнердің орнын басатын маман қылып көруге болмайды. Жасанды интеллектіні адам бақылап, қадағалап отыруға тиіс. Сол себепті дизайнерлерді жұмыссыз қалдыру мәселесін айтпағанда, шешімдер енгізгенде бәрін жасанды интеллектіге жүктей салу — үлкен қате. Оны дизайнердің орнын басатын қызметкер деп емес, жобалау және бағдарламалау процесін жеңілдете түсетін, сапалырақ ететін қосымша құрал деп қана қарастырған абзал.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
Жоғарыда атап өткен артықшылықтар мен кемшіліктерді ескере отырып, барлық салаға ортақ тұстарды қорытындылайық.
- Өнімді жұмыс істеуге көмектеседі. Контент жасайтын құралдар арқылы процесті жеңілдетуге болады. Жасанды интеллект анализ жасап, бар деректерге сүйене отырып контент дайындайды. Жауапты маман сол нәтижені алып, түзететін жерді түзетіп, креатив қосатын жерде шығармашылық қабілетін қосады. Сонда ғажап комбо шығады.
- Дәлдігі жоғары. Жасанды интеллек құралдары алгоритмдер арқылы жұмыс істейтіндіктен, адам секілді әріптен не саннан қателеспейді. Сол тұрғыдан алғанда дәлдігі жоғары екенін атап өту керек. Көлемді деректерді талдап, содан нақты контент жасай алады. Белгілі бір аудиторияға бейімделген, айна-қатесіз жұмыс шығады. Бұл дегеніңіз брендтің беделіне де жақсы.
- Қолданушылар тәжірибесін жетілдіруге көмектеседі. Контентке қатысты жеке ұсыныстар беріп, жасанды интеллект юзер экспериенсті жақсарта алады. Мұндай персонал жұмыс қолданушыларды тартады, клиентке ұнайды.
- Оригинал дүние жасай алмайтындықтан, адам еңбегі керек. Он жерден нақты әрі дәл ақпарат ұсынады десек те, шығармашылық қабілеті болмағандықтан, ол білініп тұрады. Өзіне белгілі үлгі бойынша бір стильден айнымауға көмектеседі демесеңіз, креатив қоса алмайды. Осы ретте жасанды интеллектіні қолданғанда екі жақты баланс ұстап отыру керек.
- Контексті дұрыс түсінбеуі мүмкін. AI құралдары жасаған контенттің грамматикасы дұрыс шыққанымен, кейде қате интерпретация жасайды. Болмаса, күрделі құрылымдар қолданып, адамға түсініксіз контент ұсынуы мүмкін. Мұндайда адам араласып, тігісін жатқызбаса болмайды.
- Этика мәселесі өте маңызды. Яғни плагиат не авторлық құқық проблемасына абай болу қажет. Интернетте бар жұмыстарға ұқсатамын деп заң тұрғысынан томпақ келетіндей контент дайындап беруі мүмкін. Мұндай қауіп болмас үшін жұмысты түпнұсқа екенін анықтап отыру керек, әрі авторлық құқықты бұзбайтынын бақылауда ұстамаса болмайды.
Плюстері мен минустарын таразылай келе, бизнесіңіздің қажетіне қарай баланс ұстау маңызды екенін ескертеміз. Артықшылығы мол болғанымен, кемшіліктері де жоқ емес. Кездесуі мүмкін мәселелерді тізіп шықтық. Адамның қолынан шыққан контент мен генерация жасалғанның арасында айырма бәрібір білінеді. Қаражат үнемдеймін деп барлығын жұмыссыз қалдырған жөн емес. Сөйте тұра заманға сай құралдарды қолданбай, бәрін қызметкердің мойнына да жүктеуге болмайды. Ең дұрысы — екеуін біріктіріп, сапалы нәтиже алу.