Электромобиль өткінші тренд пе әлде болашақтың көлігі ме? Токпен жүретін көлікті алатын кез келді ме әлде әлі де ерте ме? Қазақстанның инфрақұрылымы мұндай нәрсеге қаншалық дайын? Kursivмedia тілшісі осы және өзге де сұрақтарды сарапшыларға қойды.
Автожурналист Олжас Оқас дәл қазір халықты жаппай электромобильге көшіру мүмкін емес екенін айтады. Оның айтуынша, бұл үшін Қазақстанға әлі де уақыт керек.
«Ең әуелі халық арасында әлі мен сияқты электромобильді қаламайтындар да бар. Маған, мысалы, бұл ұнамайды. Себебі Қазақстанда жанармай арзан. Талай мемлекетте болдым. Бір доллар, тіпті Америкада мысалы жеті долларға дейін барады. Оның жанында біздің жарты долларлық жанармайымыз жақсы. Сол үшін жанармаймен жүре беремін. Бір жағынан, электромобильмен Шымкент-Астана сияқты 1000 шақырым жолға ойланбастан шығып кете бере алмайсың. Орта жолда бір жерден тоқтап, автомобильді қуаттап алуға уақыт жұмсауға тура келеді. Ал мен оның орнына Алматыдан жолға шығып, Таразда қайта бакты толтырып алып, әрі қарай жолды жалғастырғым келеді. Сол үшін бензинді таңдаймын», – дейді ол.
«Астана Моторс» ҚМК бизнесті дамыту жөніндегі директоры Ақылбек Анарбаев мұндай ұзақ қашық жолдарға электромобиль орнына гибрид нұсқадағы көлік дұрыс екенін айтады.
«Елде электромобильді қуаттауға арналған инфрақұрылым дайын болған кезде, бұған нарығымыз дайын болғанда дәстүрлі автокөліктен гибридті, одан кейін толық электроқуат арқылы жүретін көлік өндірісіне көшеміз. Күзде BYD көліктерін сатылымға шығарамыз. Бұлардың арасында толыққанды электромобиль де, қуатталатын гибрид нұсқасы да болады. Бізде қалалар бір-бірінен қашық орналасқан. Осындайда гибрид көлік, яғни ток қуатымен де, жанармаймен де жүре беретін көлік өте ыңғайлы. Шығыны да аз», – дейді ол.
Мамандар электромобильдің артықшылығы көп деп отыр. Соның бірі – атмосфераға зиянды қалдық бөлу деңгейінің төмен болуы. Алматы сияқты экологиялық ахуал басты мәселе болып тұрған қалалар үшін бұл маңызды фактор. Сонымен қатар электромобиль көліктің шығыны да аз.
«Ең басты артықшылығы – жүргізуші автомобиль үшін ешқандай алым салық төлемейді. Сонымен қатар электромобиль қарапайым көлік сияқты бензинге көп шығындалуды қажет етпейді. Электромобильдің бір бак электроқуатын үйде қуаттайтын болса, шамамен 2000 теңге шығады. Ал Алматы, Шымкент, Астана қалаларында қазір көптеп орнатылып жатқан жылдам қуаттау станцияларында небәрі жарты сағатта 3-4 мың теңгеге толтырып алуға болады», – дейді Олжас Оқас.
Алайда Олжас қазақстандық жүргізушілер мұндай көлік үнемдеу үшін сатып алмайды деп есептейтінін айтты. Оның айтуынша, ел азаматтары электромобильді әлі негізгі көлік деп санамайды.
«Қазіргі таңда электромобиль бай-бақуатты азаматтардың ойыншығы сияқты. Өйткені қазақтар оны негізгі, үйдегі жалғыз көлік ретінде емес, екінші, үшінші авто ретінде сатып алады. Көбіне негізгі көлік ретінде Toyota Camry немесе Toyota Land Cruiser-ді алады», – дейді автоблогер.
Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі Ербол Сейпілов те электромобильдің негізгі көлік ретінде қабылданбайтынын айтады.
«Бұл дүниежүзінде де тренд болып саналады. Өйткені, біріншіден, инфрақұрылым дамымаған. Екіншіден, іштен жану қозғалтқышымен жүретін көлікке қарағанда электромобильдің бағасы қымбат. Сондықтан электромобильді кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Сонымен қатар электромобиль деген технологиялық жағынан біз үшін таңсықтау дүние», – дейді ол.
Ербол Сейпілов технологиялық мүмкіндіктер жағы, инфрақұрылым мәселесін шешу аса қиын емес деп есептейді. Ол халық сұранысы артқан сайын инфрақұрылым ісін қолға алғысы келетін жеке кәсіпкерлер табылатыны айтады.
«Инфрақұрылым жағы, соның ішінде қалаларда қуаттау станцияларын кім салады, бұдан кім, қанша ақша табады, мұндай станцияларды қалай салады деген мәселелер әлі талқыланып жатыр. Меніңше, осы негізде заңнамалар қабылданса, мәселе шешіліп-ақ кетеді. Алайда қазір елде әуелі инфрақұрылымды дайындап, сосын электромобильді енгізу қажет пе, әлде электромобиль көбейсе, керісінше, сол инфрақұрылымның дамуына себеп бола ма деген екіұдай пікір өзекті болып тұр. Былай қарағанда, бұрын мамандар инфрақұрылым болмаса, электромобиль кірмейді дейтін. Алайда қазір көп болмаса да, елде электромобиль сатып алып жатқандар бар. Соны көріп, жанармай саласындағы жеке бизнес өкілдері өз бетінше электромобильге арналған қуаттау станцияларын да орната бастады», – дейді Ербол Сейпілов.