Жаңалықтар

Қазақстан Әзербайжанға астық жөнелту көлемін 1 миллион тоннаға жеткізбек

Қазақстан Әзербайжанға астық жеткізу көлемін арттырмақ/ коллаж kursiv.media

Қазақстанның ұлттық азық-түлік корпорациясының басшысы Асылхан Жұмашев Бакуде Әзірбайжанға бұрынғы ауқымда астық жеткізу көлемін қалпына келтіру жоспарда бар екенін мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша Бакудегі терминал тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

«Кезінде Қазақстан Әзербайжанға 1 млн тоннадан астам астық жөнелтіп келген. Қазіргі уақытта біз Әзербайжан нарығында қазақстандық бидаймен бәсекеге қабілетті болу үшін бұрынғы позицияларды қайтару тетіктерін пысықтап жатырмыз», — деді Жұмашев.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК жалғыз акционері «Ақ Бидай-Терминал» АҚ Қазақстан, Әзербайжан және Иранда ірі астық терминалдарын басқарады. Говсана портында орналасқан Баку астық терминалының өндірістік қуаты жылына 600 мың тоннаға жуық. Ал диірмен кешені жыл сайын 50 мың тоннаға дейін өнімді қайта өңдеуге қабілетті. 2017 жылдан бері Қазақстаннан Әзербайжанға астық экспорты 300 мың тоннадан асып көрмеген.

Қазақстан үкіметі 2022-2023 жылғы  астық түсімінен Иран Ислам Республикасына 1 миллион тонна көлемінде дәнді дақылдар жеткізу туралы меморандумға қол қойды. Десе де, экспорт көлемін бұл көрсеткішке жеткізу қиындай түскен. Иран республикасы біздің өнімге деген сұранысты күрт төмендеткен.

Қазақстан 2023 жылы Иран, Қырғызстан нарығын жоғалтып алды деуге болады. Қырғызстан соңғы 5 жыл ішінде біртіндеп қазақ бидайынан бас тартса, Иран нарығы 2023 жылы Ресейдің арзан бидайын импорттаушы елге айналды.

Астық қауымдастығының болжамына сәйкес биыл елде 13,5 млн тонна астық жиналады. Алайда кейбір су басқан аймақтарда, әсіресе, солтүстік және батыс аймақтарда астық көлемі азаюы мүмкін. 

Қазақстан 2022 жылы сыртқы нарыққа 6,3 млн тонна бидайды 1,91 млрд долларға сатса, 2023 жылы 7,2 млн тонна бидайды 1,84 млрд долларға сатқан. Экспорттағы  бидайдың тоннасы 14,28%-ға өскенімен, номиналды жалпы құн көлемі 3,8%-ға төмендеген.

Қазақстан қазіргі уақытта Қытай нарығына бет бұрып жатыр. Көрші елге жылына 2 млн тонна астық жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. Оған қоса ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар эскпортын ұлғайтуға мүдделі болып отыр.