Германияда электр көлікке деген сұраныс азайды. Есесіне іштен жанатын қозғалтықышы бар автокөлікке сұраныс артты.
2024 жылдың басынан бері былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда электр көліктерге өтінім беру 47%-ға азайып кетті. Гибрид көліктерге деген сұраныс 24 пайызға кеміді. Ал бензинмен немесе дизель отынымен жүретін автокөліктерді тұтынушылар жиі іздей бастады.
Осыған байланысты Неміс автомобиль индустриясының орталық қауымдастығы (ZDK) сауалнама қорытындысын Welt am Sonntag басылымына жариялады. Сауалнамаға 348 автосалон қатысты.
Сатушылар электр көліктердің сатылымы жыл соңына дейін бәсеңдеуі мүмкін деп есептейді. Гибрид көліктердің көрсеткіші де көңіл көншітпейді.
Еуропалық комиссия Қытайдан әкелінетін электр көліктеріне ресми түрде уақытша қосымша баж салығын енгізгені мәлім. Комиссияның шешіміне сәйкес, қосымша баж салығы BYD бренді үшін қолданыстағыдан жоғары баж салығы 17,4%, Geely үшін 19,9%, SAIC бойынша 37,6% деңгейінде белгіленген. Мемлекеттік субсидияларды тергеу кезінде ынтымақтасқан басқа қытайлық брендтердің электромобильдеріне енді 20,8% қосымша салық салынады. Басқа брендтерге баж салығы 37,6%-ды құрады.
Еуропалық Одақтың (ЕО) Қытайда өндірілген электр көліктерінің импортына тарифті көтеруге қатысты пікірі екіге бөлінді. Бұл ретте ЕО-ның 12 мүшесі баж салығын енгізуді қолдап дауыс берді (олардың ішінде Франция, Италия және Испания), 4-і қарсы, 11-і қалыс қалды (олардың ішінде Германия, Финляндия және Швеция бар).
Еуропа Одағының қытай электркөлігіне қатысты тергеуі әу бастан Еуропада қытай көліктері сатылымының төмендеуіне әсер еткен. Сауалнамаға сәйкес, автомобиль және өнеркәсіп компанияларының 82%-ға жуығы ЕО үкіметінің субсидияларды тексеруі, олардың жақын болашақта Еуропаға инвестиция салуға деген сеніміне нұқсан келтіргенін айтты.
Kursiv Media тілшісі сауалына жауап берген мамандар Қазақстан үшін электромобильдің артықшылығы көп екенін атап өтті. Соның бірі – атмосфераға зиянды қалдық бөлу деңгейінің төмен болуы. Енді бірі ұзақ жолдарға электромобиль орнына гибрид нұсқадағы көлік дұрыс екенін айтады.