Париж олимпиадасында қазақ дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев қола жүлде иеленді

Жарияланды 28 Шілде 2024 23:32

(жаңартылды 29 Шілде 2024 10:14)
Нұртай Текебаев

Нұртай Текебаев

Тілші
Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев үшінші орын алды/ фото Туризм және спорт министрлігінен

Қазақ дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмақ дәржесінде қола жүлде иеленді. Ол татамиде серб Страхиня Бунчичті жықты.

«Бұл қазақ дзюдосы тарихындағы триумф! Парижде алғаш рет олимпия ойындарында біздің команда 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Кеше Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазаққа айналды», – деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Париж Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Қырғызбаевты құттықтады.

«Еліміздегі барша Олимпиадалық команданың атынан Сізді Олимпиада ойындарының қола медалімен құттықтаймын! Кеше басталған жүлделер сериясын жалғастыру арқылы Сіз тек қана дзюдо жанкүйерлерін емес, барша қазақстандықты қуанттыңыз! Нағыз чемпион жеңіп алған медалінен бөлек, мінезімен де ерекшеленеді. Өте қиын белдесулерде жеңіске деген жігер танытып, чемпиондық рух көрсеттіңіз. Сіздің бапкерлеріңіз Ермек Нәсиев пен Нұрбол Сүлейменовті Олимпиада жүлдесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жеңіс барша жас қазақстандықтарды жігерлендіріп, оларды ірі жеңістерге жетелесін!», – деді Геннадий Головкин.

Ғұсман осы олимпиадаға бар күшін салғанын айтты.

«Бұл менің соңғы Олимпиадам. Жасым 32-ге келді. Сондықтан бар күшімді осында тастадым. 60 келіде сегіз жыл күресіппін. Сол салмақта бұйырмаған Олимпиада жолдамасы 66 келіде қолға түсті», – деді спортшы.

Дзюдошы күрес кезінде қарсыластарын жете бағамдай алмағанын да мойындады.

«Бүгінгі белдесулерге келер болсам, жартылай финалдағы бразилиялық жігіт басқалардан мықты дей алмаймын. Білмедім, жартылай финалда босаңсып кеттім бе… Екі ескерту бергені де ойда тұрды, кеңінен көсіле алмадым. 

Ан Баулға келер болсам, соңғы екі әлем чемпионатында соған жол бердім. Валид Хиярдан да ұтылдым. Испандықты да бұрын жеңген емеспін. Бүгін бәрінен есем қайтты десем, артық емес», – деді ол.

Қырғызбаев қола медаль үшін күресу оңайға түспегенін айтты.

«Қола медальға таласқан сербиялық спортшы өте мығым екен. Бойы ұзын. Оңай  болмады… Міне, көптен күткен Олимпиада медалі қоржынға түсті. Бұл жеңісті қазақ еліне, ата-анам, әйелім мен балаларыма арнаймын», – деді Ғұсман. 

28 шілде күні Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанса, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев нысана көздеуден қола жүлде жеңіп алды. 

Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Назым Қызайбай алғашқы айналымда италиялық боксшыдан басым түсті. Қазақстан командасының капитаны Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жекте ұтылып қалды. Семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі Руслан Курбанов Париж Олимпиадасының ширек финалында жеңіліс тапты.

Сондай-ақ оқыңыз