Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша несие беру үшін Қазақстан қор биржасынан 170,5 млрд теңге тартқан.
«2024 жылдың 24 шілдесінде KASE-де банктің әлеуметтік облигацияларының екі шығарылымын орналастыру бойынша мамандандырылған сауда-саттық өтті, нәтижесінде несиелендіруге 170,5 млрд теңге қаражат тартылды», – делінген хабарламада.
Бір облигацияның номиналды құны – 1000 теңге. Бұл ретте тартылған қаражат мөлшерлемесі сауда-саттықты өткізу қорытындысы бойынша айқындалып, 14,25%-ды құраған. Облигациялардың айналым мерзімі – 5 жыл. Купонды төлеу кезеңділігі – жылына 2 рет.
Банк облигацияларын сатып алудың артықшылығы – купондық сыйақы үшін салық салынбайды. Себебі «Отбасы банк» ҚР қаржы агенттіктерінің тізбесіне кіреді. Сондай-ақ аталмыш облигациялар KASE-нің ресми тізіміне енген.
Сонымен қатар облигациялар РЕПО эмитенттің мемлекеттік қатысу үлесі бар облигациялары қоржынына енгізіледі. Сауда-саттық барысында «Отбасы банк» акцияларына екінші деңгейлі банктер, сақтандыру компаниялары, брокерлік ұйымдар мен институционалдық инвесторлар қызығушылық танытқан.
Тартылған қаржы арқасында «Наурыз» бағдарламасы бойынша алғашқы 60 заем берілген. Астана, Семей, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Тараз және тағы басқа өңір тұрғындары «Наурыз» бағдарламасы бойынша заем алды.
Банк биыл «Отау» және «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының операторы болды. «Наурыз» бағдарламасына өтініш қабылдау маусым айының соңына дейін жалғасты.
«Наурыз» бағдарламасына қатысушылар тізіміне 12 500 қазақстандық енді. Қазір олардың төлем қабілеті тексеріліп жатыр. Бағдарламаға жалпы 300 млрд теңге қарастырылған.
«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін азаматтар есепшотында 1 млн теңге депозиті болуы керек. Сонымен қатар атында баспанасы болмағаны абзал. «Наурыз» бағдарламасы аясында тұрғын үйді алғашқы нарықтан, сондай-ақ моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде қайталама нарықтан сатып алуға болады. Заемның ең жоғарғы мөлшері Алматы мен Астана қалалары үшін 36 млн теңге болса, қалған өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін.
«Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның 100 пайыз акциясы – «Байтерек» ҰБХ-ға тиесілі. Қаржы ұйымының қор нарығында орналастырылған қарапайым акциялары 7,8 млн теңгені құрайды. «Отбасы банк» алдағы уақытта ұлттық даму институтына айналуы ықтимал.