«Қазақстанның даму банкі» 2023 жылы 180 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл туралы банктің жылдық аудиттелген қаржы есебінде жазылған.
Былтыр банктің шоғырландырылған актив көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткен. Қаржы ұйымының активтері бір жыл ішінде 9,3% өсім байқатып, 368 млрд теңгеге артқан.
Ал міндеттемелері 3,4 трлн теңгені құрайды. Бір жылда қаржы ұйымының міндеттемелері 2,9% өскен. Былтыр банк капитал нарығынан қомақты қаражат тартқан. Бұл қаржы түрлі жобаларды қаржыландыруға жұмсалған. Есепте 2023 жылы ҚДБ тобы 609,7 млрд теңге тартқаны жазылады.
Соның ішінде нарықтық қаражат 540,3 млрд теңгені (оның ішінде АҚШ долларында – 1 024 млн АҚШ доллары)құраған. Нарықтық емес қорлардан 69,4 млрд теңге тартылса, 34,4 млрд теңгесі – мемлекет қаржысы. 35 млрд теңге жеңілдетілген шартпен алынған қарыз.
2023 жылы банктің меншікті капиталы да артып, 614,5 млрд теңгеден 886,5 млрд теңгеге жеткен. Банк меншікті капиталдың өсімін өңдеу өнеркәсібі жобаларын 100 млрд теңге көлемінде қаржыландырғанымен, сондай-ақ 2023 жылдың соңындағы оң қаржы нәтижесімен байланыстырады. 2023 жылы банктің еншілес ұйымы – «Өнеркәсіпті қолдау қоры» 100 млрд теңгеге қосымша капиталдандырылған болатын.
2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, шығарылған және жарғылық капитал 2 114 590 қарапайым акциядан тұрды. 2023 жылы банк 40 млн қарапайым акциясын қор бижасына орналастырған. Оларды қаржы ұйымының жалғыз акционері – «Бәйтерек» ҰХБ басым құқықпен сатып алған.
2023 жылы топтың жалпы несие және лизинг портфелі 2,9 трлн теңгені құрады. Жалпы активтер құрылымында несие және лизинг портфелінің баланстық құндағы үлесі 2023 жылдың аяғында 66,9%-ды құрады.
ҚДБ былтыр 2022 жыл үшін 17 млрд теңге дивиденд төлеген.
Бұған дейін ҚДБ ірі және орта бизнестің несиесіне кепілдік беріп, тәуекелдер үшін төленетін комиссияны субсидиялайтынын хабарлаған. Сонымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына 300 млрд теңге бөледі. Одан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен мен тағам өнекәсібін дамытуға 500 млрд теңге жұмсамақ. Бұл қаржы 2024-2029 жылдары АӨК, тағам және сусын өндірісі секторындағы инвестициялық жобаларды қолдау бағдарламасы аясында бөлінеді.
Қазақстан Даму Банкі – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру арқылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету мақсатында құрылған. Банк мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектеседі. Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі».