Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттер қандай бағдарламаларға жұмсалады?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

2024 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған. Оның 1,36 трлн теңгесі жергілікті даму бағдарламаларына жұмсалуы тиіс. Ал 236 млрд теңгесі республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне түседі.

Ұлттық қордан нысаналы трансферт қай бағдарламаларға жұмсалатын туралы ақпарат Қаржы министрлігінің сайтында орналастырылған.

6 айда республикалық бюджеттен жергілікті атқару органдарға соның 233,5 млрд теңгесі бөлінген. Қабылданған міндеттемелер 1,2 трлн теңгені құраса, 248 млрд теңге міндеттеме төленген.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішінде нысаналы даму тансферттерінің қомақты бөлігі Астана қаласы, Түркістан облысы және Алматы облысына бөлінген.

«Жайлы мектептерге» Ұлттық қордан шамамен 650 млрд теңге жұмсалмақ

Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттің қомақты бөлігі Оқу және ағарту министрлігі қадағалайтын бағдарламаға бөлінді. Нысаналы трансферттің 646 млрд теңгесіне ел өңірлерінде «Жайлы мектептер» салынуы тиіс.

«Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде орта білім беру объектілерін салуға» Ұлттық қордан нысаналы трансферт ретінде осындай қаржы қарастырылған. Бұл қаржының мақсаты «сапалы мектептерге қол жеткізу» деп көрсетілген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты даму жобаларына Ұлттық қордан 350,6 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржыға өңірлерде инфрақұрылым жаңартылып, елдімекендерге су жеткізілуі керек.

Ал Көлік министрлігі үйлестіретін жобаларға биыл Ұлттық қордан 213 млрд теңге қарастырылған. Осы қаражаттың 96 млрд теңгесі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге кетеді. Ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеу және олардың сапасын жақсартуға 68 млрд теңге қарастырылған.

Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асыратын жобаларға Ұлттық қордан 118 млрд теңге бөлінеді. Бұл – облыс орталықтары, моно және шағын қалалар, ауылдардың инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалатын қаражат.

Өңірлердегі жылу-электр жүйелерін жаңғырту үшін Ұлттық қордан 116 млрд теңге қарастырылған. Соның ішінде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астананың бюджеттеріне газ тасымалдау жүйесін дамытуға 82 млрд теңге бөлінген.

Су ресурстары және ирригация министрлігі үйлестіретін жобаларға Ұлттық қордан 64,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға сумен жабдықтау жүйесін, гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау, жерүсті су ресурстары арттыру жобалары жүзеге асырылады.

Ұлттық қордың 37 млрд теңгесіне спорт нысандары салынуы тиіс. Бұл қаржы Туризм және спорт министрлігіне бөлінген.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жобаларға Ұлттық қордан нысаналы трансферт ретінде 43 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржыға «арнайы медициналық резервті сақтауды қамтамасыз ету және денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамыту» көзделген.

Сонымен қатар Ұлттық қор нысаналы трансфертінің 10 млрд теңгесі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне бөлінген. Осы қаржыға облыс орталықтары республикалық маңызы бар қалалар мен астанада әлеуметтік сала нысандары салынады.

Сондай-ақ оқыңыз