Жаңалықтар

Раиси қайтыс болғаннан кейін сайланған Иранның жаңа президенті қызметіне кірісті

Иранның жаңа президенті қызметіне кірісті / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Тегеранда Иран Ислам Республикасының 14-ші президенті Масуд Пезешкианның лауазымы ресми түрде бекітіліп қызметіне кірісті.

Khamenei News басылымының ақпаратына сүйенсек, жоғары дәрежелі әскери, саяси қызметкерлер мен шетелдік дипломаттардың қатысуымен Пезешкианның қызметіне кірісу салтанаты өткен. Иранның жоғарғы көшбасшысы, 85 жастағы аятолла Али Хаменеи Масуд жаңа президентті ресми түрде мақұлдаған. Осылайша Мезешкиан президент ретінде лауазымына кірісуге рұқсат алған.

Али Хаменеи президент Пезешкиан Үкіметінің сыртқы саясаты «сыртқы қысымға қарамастан, ұзақ жылдар Иранға қолдау көрсетіп келген елдермен жақсы қарым-қатынасты жалғастыру» болуы керек екендігін айтты. Бұл елдердің басым көпшілігі Африка мен Азия да екенін атап өтті.

Масуд Пезешкиан Иранға реформалардың қажет екенін, «жоғарғы көшбасшының жалпы саясатын жүзеге асыруға» ұмтылатынын айтты. Пезешкиан өзінің алғашқы жарлығымен Мұхаммед Реза Арефті бірінші вице-президент етіп тағайындады.

Иранда президент сайлауы 6 шілдеде өтіп, онда Масуд Пезешкиан жеңіске жеткен. Алайда жоғарғы көшбасшының рұқсатынсыз ресми қызметке кірісе алмаған.

Айта кетейік, сайлау Иранның бұрынғы президенті Ибрахим Раиси мамыр айында тікұшақ апатынан қайтыс болғаннан кейін тағайындалды. 28 маусымда өткен бірінші турда бірде-бір кандидат көп дауыс ала алмаған соң, сайлаудың екінші кезеңін өткізуге тура келді. 5 күнге созылатын үміткерлерді тіркеу 30 мамырда ресми түрде басталған еді. 

Еске салсақ, 19 мамыр кешке Иранның Tasnim басылымы Ибрахим Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдулахиан мінген тікұшақтың шығыс Әзербайжан аймағында апатқа ұшырағанын жазған.

Қызыл Ай ұйымының ирандық құтқарушылары Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ құлаған сәтте оның жолаушыларының барлығы қайтыс болғанын хабарлады. 10 сағаттан артық іздеу жұмыстарымен айналысқан құтқарушылар толыққанды жанып кеткен тікұшақты ғана тапқан.

20 мамыр күндіз Иранның ресми билігі президенттің тікұшақ апатынан қайтыс болғанын ресми түрде растады.

Бортта Раисимен бірге Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдулахиан, Аятолла Аль-Хашем, имам Джума-Тебриза да болған. Ибрахим Раисидің Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге Арас өзені бойындағы плотнинаның ашылуына қатысуды жоспарлаған.