Жаңалықтар

Бірінші тоқсанда 4,6 млрд теңге шығынға ұшыраған «Самұрық-Энерго» қарамағындағы нысандар жылыту маусымына дайын ба?

Бүгінгі таңда жоспарланған жөндеу жұмыстарының шамамен 50%-ы орындалды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Екібастұз қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында АҚ құрамына кіретін негізгі энергетикалық нысандардың жылыту маусымына дайындығы талқыланды. Оның ішінде өңірдегі «Богатырь Көмір», Екібастұз ЖЭО, Екібастұз 2-МАЭС және Екібастұз 1-МАЭС станциялары бар.

«Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов алдағы жылдары компания электр энергия генерациясын екі есеге ұлғайтатынын жеткізді. Бұл қалай жүзеге аспақ?

«Бүгінде Қазақстан 16 ГВт қуатты иеленіп отыр. Болашақта іске асырылып жатқан жобалар есебінен «Самұрық-Қазына» АҚ тағы 12 ГВт қуат енгізуді жоспарлап отыр. Осылайша, генерация екі есеге ұлғаяды. Бұл ең жоғары тұтыну кезеңдерінде энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанның электр энергетикасы «қайта өрлеу» кезеңін бастан кешуде», – деді Ернат Бердіғұлов.

Бұл тұста компанияның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов компанияның негізгі өндірістік көрсеткіштері туралы баяндады. Оның айтуынша, еншілес ұйымдардың электр энергиясын жиынтық өндіруі 2023 жылы 35,3 млрд кВт/сағат немесе Қазақстан бойынша жалпы электр энергиясын өндірудің шамамен 31%-ын құраған. 2024 жылы электр энергиясын өндіру көлемін 39,2 млрд кВт/сағатқа дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Біздің жұмыс нысандарында күзгі-қысқы кезеңге дайындық кестеге сәйкес жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған жөндеу жұмыстарының шамамен 50%-ы орындалды. Жөндеу науқаны белгіленген мерзімде толық көлемде аяқталады», – деп уәде етті Қайрат Мақсұтов.

Бұл ретте компания 2023 жылы 83 негізгі жабдыққа жөндеу жүргізген. 2024 жылы тағы 116 жабдыққа жөндеу жүргізілмек.

«Самұрық-Энерго» құрылымына 23 компания кіреді. Компанияның негізгі активтері Павлодар, Түркістан, Алматы облысында және Алматы қаласында орналасқан. «Самұрық-Энерго» тобына «Богатырь Көмір», «Алматы электр станциялары», «Екібастұз ГРЭС-1» және ГРЭС-2 (акцияларының 50%), Балқаш ЖЭО, «Алматы Энергосбыт» және т.б. кіреді.

Еске сала кетсек, компанияның аудиттелмеген есебіне сәйкес, бірінші тоқсанда 4,6 млрд теңге шығынға ұшырады. 2023 жылдың дәл осы кезеңінде компания 24,9 млрд теңге пайда тапқан.

«Самұрық-Энерго» жалпы активтері 2023 жылғы 31 желтоқсанда 662,5 млрд теңге болған. Ал 2024 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша көрсеткіш 657,1 млрд теңгеге дейін азайды.

Бұған дейін компания Қазақстандағы үш жылу-электр орталығының тең жартысына иелік ететініні белгілі болды. Олардың құрылысымен ресейлік компания айналысады. 2023 жылдың 9 қарашасында Қазақстан мен Ресейдің Энергетика министрліктері осы жылу электр станцияларын салу туралы меморандумға қол қойды.