104 мың талапкер 79 мың грантқа таласады. Олардың басым бөлігі Алматыда оқуды қалайды
ЖОО үшін білім гранттарын тағайындау конкурсына 104 мыңнан астам талапкер қатысуға өтініш берді. Грант үшін қызу тартыс болатын салалар да белгілі болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметіне сүйінсек, биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген.
Сонымен қатар маңызды ақпарат: биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. Соның ішінде «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша әрқайсына 150 сараланған грант бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсушілерге 3 903 грант бөлінген.
Халық тығыз орналасқан және батыс өңірлерден келген жастар үшін жетекші жоғары оқу орындарынан 5 000 нысаналы білім беру гранты бөлінді.
«Ең көп таңдалған қала — Алматы, 42 мың бала оңтүстік астанамызды студенттік шақ өткізу үшін таңдаған. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 22 мың өтініш қабылданса, 6,5 мың адам Шымкент университеттерінде оқуға ниет білдірген», — делінген хабарламада.
Жоғары білім министрлігінің байқауынша, «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға талапкерлер тарапынан өтініш көп түскен. Министрлік бұл үрдіс бірнеше жыл қатарынан сақталып келе жатқанын атап өтті.
Ал грант үшін ең қызу байқау тіс дәрігері, дипломат, мұғалім және психолог мамандықтарының арасында жүрмек.
Сондай-ақ гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында және @gylym_jogary_bilim телеграм-арнасында, Ұлттық тест орталығының сайтында жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына қабылдау, әдеттегідей, 25 тамызда аяқталады.
Мүгедектігі бар, көпбалалы отбасынан шыққан немесе ата-анасынан айырылған түлектер арнайы квотамен мемлекеттік грантқа түсе алады. Бұл туралы KURSIV MEDIA KZ-ке сұхбат берген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабылдау комиссиясының өкілі Айдар Жұмалипов айтты.
Айта кетейік, салыстырмалы түрде 2023 жылы грант мұндай өтініш саны 94 мыңнан астам болған екен.