Талаптарға сай емес: 300 мыңға жуық тұрғын баспана кезегінен шығарылуы мүмкін
2024 жылдың мамыр айынан бастап 17 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінен шығарылды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, тұрғын үй кезегінде 650 мың қазақстандық тұр. Оның 255 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Жыл сайынғы тізімді түгендеу барысында Қазақстанда 300 мыңға жуық адамның тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін екені анықталған. Оған құжаттары талапқа сай келмеуі немесе баспанасы бар болуы себеп болып отыр.
Сондай-ақ 34 мың азаматты кезектен шығару туралы шешім қабылданды. Мамыр айынан бүгінге дейін 17 000 азамат кезектен шығарылды.
Кезекте тұрғандар мынадай себептерге байланысты шығарылуы мүмкін:
- Кезекте тұрған адамның және оның отбасы мүшелерінде баспана болса;
- Кезекте тұрған адамның отбасы мүшелері туралы деректері сәйкес келмесе;
- Әлеуметтік жағдайы сәйкес келмесе (толық емес отбасы, 1 және 2 топтағы мүгедектер және тағы басқа);
- Мемлекеттік қызметкер мәртебесі сәйкес келмесе.
Айта кетейік, осы жылдың мамыр айынан бастап министрлік kezekte.kz ақпараттық жүйесін әзірлеушілермен бірлесіп, сәйкессіздіктер анықталған кезекте тұрғандарды жеке деректерін жаңарту қажет екені туралы SMS хабарлама арқылы хабардар ету туралы шешім қабылдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жері бойынша әкімдіктерге мәліметтерді жаңарту үшін белсенді түрде өздері бара бастаған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталғаны туралы жазған едік. Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы 2024 жылы 29 шілде мен 7 тамыз аралығында тұрғын үй сатып алуға қажетті жеңілдетілген несие жобасына өтінімдер қабылдайды. Ипотекалық бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Биыл 1200 адамды баспанамен қамту жоспарланған.