Қазақстан ірі қара малды әкетуге және бидай әкелуге тыйым салуды 6 айға ұзартты
Қазақстан асыл тұқымды ірі қара және ұсақ мал басын әкетуге тыйым салуды 6 айға ұзартты. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
«2024 жылғы 26 шілдеде премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан аумағынан ірі қара және ұсақ мал аналық басын әкетуге тыйым салуды алты ай мерзімге ұзарту туралы шешім қабылданды», – делінген хабарламада.
Бұл тыйым Қазақстанда 2024 жылғы 8 қаңтарда енгізілді.
«Сүт-тауар фермаларын ауқымды салу және австралиялық әдіс бойынша мал шаруашылығын дамытуды қолдау жөніндегі міндеттерді назарға ала отырып, тыйымды тағы алты айға ұзарту туралы шешім қабылданды», – деп атап өтті министрлер Кабинеті.
Cондай-ақ көліктің барлық түрімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салу 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды. Елге бидайды «көлеңкелі схема» арқылы әкелу және оны Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан автокөлікпен кері экспорттау қаупі әлі де сейілген жоқ. Қазақстанда өткен жылмен салыстырғанда жоғары болады деп күтілетін дәнді дақылдарды жинау болжамдары да назарға алынды.
Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайға ет экспорты көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Ведомство басшысы қытайлық CITIC Construction және Beijing Capital Agro компанияларының жетекшілерімен кездесті. Осы іскерлік кездесуде министрлік пен ҚХР ГТҚ арасында ірі қара малды экспорттауға арналған ветеринарлық талаптарды келісу жөніндегі хаттамаға қол қойылды.