«Алматы Жастары» бағдарламасына құжат қабылдау басталды: кімдер қатыса алады?
«Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша өтінш пен құжат қабылдау басталды. Өтініш қабылдау 7 тамызға дейін жалғасатыны туралы бағдарламаның ресми сайтында жазылған.
«Алматы Жастары» бағдарламасы шеңберіндегі өтініштер мен құжаттарды қабылдау 2024 жылдың «29» шілдесі мен «7» тамызы аралығында жүргізілетінін хабарлаймыз», –делінген хабарламада.
Бұл бағдарлама шарттары мынадай:
- Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін:
- Пайыздық мөлшерлеме – 5%-ды құрайды;
- Бастапқы жарна – 10%;
Ал сатып алынатын баспана бастапқы және қайталама тұрғын үй болуы керек. Болмаса, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның кепілдігі бар қолданысқа енгізілген немесе /салынып жатқан тұрғын үйге де үлестік қатысуға мүмкіндік бар.
Сонымен бірге жастар «Отбасы Банкі» АҚ ішкі құжаттарына сәйкес төлем қабілеттігін растауы керек болады.
Бұл бағдарлама шеңберінде шамамен 1200 адам баспаналы болады.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді www.almaty-zhastary2024.kz сайты арқылы беруге болады. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Қатысуға қойылатын негізгі талаптар:
- Қазақстан Республикасының азаматтығы;
- Өтінім беру кезінде өтініш берушінің және жұбайының (бар болса) Алматы қаласында тұрақты тіркеуі болуы;
- Өтінім беру кезінде қатысушы 35 жасқа толмауы керек, ал жұбайының (бар болса) жасы есепке алынбайды. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады;
- Қатысушының және оның отбасы мүшесінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактісінің болмауы.
- Қатысушының Алматы қаласында ең кемі соңғы 6 ай бойы міндетті зейнетақы аударымы бар жұмыс өтілі болуы қажет. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, қалалық коммуналдық қызметтер және «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы бойынша жалдаушылары (2019 жылы желтоқсан).