Қаржы ұйымдары есепті Ұлттық банк бекіткен жаңа қағидалар бойынша тапсырады

Жарияланды
Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну қағидалары бекітілді / Коллаж: кursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан Ұлттық банкі банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар есептілігінің тізбесін, нысандарын, мерзімдерін және оны ұсыну қағидаларын бекітеді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжатта жазылған.

Құжатта банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну қағидалары бекітілген.

«Жоба бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру, есептілікті жинауға дата-центрлік тәсілді пайдалану арқылы деректерді талдау мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ банктік емес ұйымдар ұсынатын кредиттік ақпараттың сапасын арттыру мақсатында әзірленді», – делінген құжатта.

Құжатқа сәйкес, банктік емес ұйымдардың жекелеген есептілік нысандарын жинау және өңдеу процестерін ҚРСК ААЖ-дан КЖБЖ ААЖ көрсеткіштерін жинау платформасына ауыстыру көзделген. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің есептілігіне ұқсас есептілікті жинауға дата-центрлік тәсілді пайдалану арқылы деректерді талдау мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Банктер мынадай талаптар бойынша есеп беруі керек:
  1. банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар есептілігінің тізбесі;
  2. екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған салымдардың, корреспонденттік және ағымдағы шоттардың талдамасы туралы есеп;
  3. бағалы қағаздар портфелінің құрылымы туралы есеп;
  4. басқа заңды тұлғалардың капиталына инвестициялар туралы есеп;
  5. басқа да сыныпталатын активтер және ірі дебиторлар туралы есеп;
  6. берілген қарыздар және олар бойынша сыйақы мөлшерлемелері туралы есеп;
  7. салымдар, ағымдағы және корреспонденттік шоттар туралы есеп;
  8. тартылған ақшаның негізгі көздері туралы есеп;
  9. банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалар және олармен жасалған мәмілелер туралы есеп;
  10. қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пунктері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаның активтерінің, міндеттемелерінің құрылымы және капиталы, кірістері мен шығыстары туралы есеп;
  11. банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалар есебі;
  12. қолма-қол ақшамен операциялар туралы есеп.

Ал ипотекалық ұйымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне электрондық форматта жоғарыда аталған 2), 3), 4), 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген есептілікті ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей тапсырып отыруы керек. Бұл есептіліктер басқа да сыныпталатын активтер туралы мәліметтер бөлігінде – ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей, ірі дебиторлар туралы мәліметтер бөлігінде – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей ұсынылуы тиіс.

Ал ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне электрондық форматта 2 және 7-тармақшалар бойынша есептілікті – ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырма бесінен кешіктірмей ұсынуы керек.

Бұл қаулы «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» акционерлік қоғамына, «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» акционерлік қоғамына және сауда-саттықты ұйымдастырушыға қолданылмайды.

Қаулы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз