Салық кодексінің жаңа жобасынан В2В саласына салынатын 8 пайыздық салық алынып тасталды

Жарияланды
Салық Кодексінің жобасынан B2B және B2C-ге арналған салық түрлері алынып тасталған / Фото: kursiv.media

Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексінің жобасын жаңартты. Оған сәйкес арнаулы салық режимін қолданатын шағын және орта бизнестегі В2В саласы үшін 8 пайыздық салық алынып тасталды.

2024 жылғы 24 маусымдағы Салық кодексінің жобасынан бұл ереже мүдделі министрліктер мен ведомство басшылары, бухгалтерлер мен салық кеңесшілері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшелері талқылауынан өткен соң, алынып тасталған.

Нәтижесінде олар арнаулы салық режиміндегі бірыңғай мөлшерлеме көлемін 2% деңгейінде қалдырған. Ал B2B және B2C саласына 8% салық төлеуді көздейтін ереже жобадан алынып тасталған.

Бұл бизнеске біркелкі, төмен мөлшерлемемен жұмыс істеуге мүмкіндік бермек.

Десе де, арнаулы салық режимін қолданатын шағын кәсіпкерлік субъектілерінен тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған шығыстар толығымен шегерілмейтіні айтылған.

Сондай-ақ кодекс жобасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлғаларды ғана есеп беруден босату мәселесі де қарастырылған. Бұл оңайлатылған негізде жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілеріне әсер етуі мүмкін.

Салық кодексінің жобасында арнайы салық режимін қолдану үшін кіріс шегін төмендету көзделген. Бұрын ол 2,2 млрд теңгенің көлемінде бекітілген болса, жобада ол көлемді 500 млн теңгеге дейін төмендету көзделіп отыр. Арнайы салық режимін қолданатын кіріс шегін 4,5 есеге төмендету елімізде шағын және орта бизнесті қолдаудың орнына бизнестің бытыраңқылығын, көлеңкелі экономиканың өсуін және сыбайлас жемқорлықтың өршуін арттыра түсуі мүмкін дегене пікірде сарапшылар.

Өзгерген Салық кодексінің жобасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Еске сала кетсек, Halyk Finance Жаңа Салық кодексі Қазақстанның салық және бюджет жүйесінің мәселелерін шешпейтінін мәлімдеді. Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, Қазақстанда ЖІӨ-дегі шикізаттық емес салықтық түсімдер үлесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Бұл өте күрделі мәселе. Сондай-ақ республикалық бюджет Ұлттық қордың мұнайдан түскен қаржысына тәуелді. Яғни мұнайдың бағасы жоғары болған кезде бюджеттің шикізаттан түсітен кірістеріне тәуелділік күрделі мәселе туғызады. Яғни «қара алтын» бағасы қымбаттаған шақта Қазақстанның экономикасы қарқынды дамуы керек, бюджетке түсетін салық түсімдері ең жоғары деңгейде болуы шарт, Ұлттық қор аз пайдаланылуы қажет. Ал қазіргі уақытта бәрі керісінше

Сондай-ақ оқыңыз