Жамбыл облысындағы күре жол бойында жеңіл автокөліктер тиелген жүк көлігі өртеніп кетті
Жамбыл облысындағы трассада жүк көлігінің жанып кеткеннен кейінгі «қаңқасы» түсірілген бейнежазбасы тарады. Автокөліктер тиелген жүк көлігі өртеніп кетті. Желі қолданушылары ыстықтан болуы мүмкін деп топшылайды.
«Қатты қызып кеткен сияқты. Қысқа тұйықталу да боулы мүмкін. 8 жап-жаңа көлік өртеніп кетті. Қазір ыстық, көліктерді бақылаңыз, температураны қадағалаңыз. Алдымен баллондарға мұқият қараңыз. Өйткені бетон, көлік қызып жатыр. Ең бастысы, жүргізушілер тірі», – дейді кадрдегі дауыс.
Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиға Қордай ауданы аумағында болғанын хабарлады. «Қорғастан» шыққан техника Ресейге бет алған.
«Сағат 22:33-те Қордай ауданында Алматы – Ташкент республикалық тас жолының 177-шақырымында сегіз жеңіл автокөлік тиелген жүк тасығыш тұтас өртеніп кеткені туралы хабарлама түсті», – деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі.
Өрт орнына алты адам мен екі техникадан тұратын төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары келді. Өрт түнгі сағат 00:12-де сөндірілді. Ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.