Қазір инвестиция жайлы ойланып жүрген адам көп. Сол үшін бәрі алдымен осы тақырыпқа ден қойып, терминдерді тереңірек түсінуге тырысады. Бұған дейін акция, инвестиция жайлы көп жаздық. Бүгінгі материалымызда бастапқыда қанша қаражат керек, қандай активтерге ақша салған жөн, ойымызды қай бағытта өзгерту қажет деген сынды сауалдарға жауап іздейміз.
Инвестициямен қашан айналысып бастаған дұрыс?
Ең алдымен «инвестициялау деген не» деген сұрақтан бастайық. Инвестициялау деген — табыс табу үшін өз ақшаңызды салу. Қаражатты салатын жер көп: бірі құнды қағаздар сияқты қаржы құралдарын алады, енді бірі жылжымайтын мүлік не өнеркәсіпке инвестициялайды. Түсетін табыс өзіңіз таңдаған стратегияға қарай әр түрлі болады. Ендеше қашан бастаған жөн? Сарапшылар табыс шығыннан көп бола бастаған кезде бастаған дұрыс екенін айтады. Әрине, қомақты қаражат жинап қоймасаңыз да болады. Бастапқыда азғантай сома сала аласыз. Егер бастамас бұрын қор жинап алсаңыз, тіпті жақсы. Бастысы, қазіргі қаржылық жағдайыңызға жақсылап талдау жасауыңыз қажет. Сонда ғана инвестиция салуға ақшаны қайдан алатыныңызды анықтайсыз. Әдетте көпшілігі қазіргі шығындарын оңтайландырып, сосын табысының 10 пайызын бөлуден бастайды.
Инвестицияны мынадай екі бөлікке бөлеміз: қорғаныс мақсатындағы және табыс үшін жасалатын инвестиция. Біріншісін форс-мажор бола қалса керек болады деп ұстайды. Айталық, жұмыстан қысқарып қалсаңыз, ауырып қалсаңыз дегендей. Мұндай жағдайда тек өтімді активтер алынады. Жалпы алғанда инвестицияның мәні — мақсатқа жету. Қор жинап алу, қымбат дүние сатып алуға ақша жинау, инвестициядан түсетін ақшаны қосымша табыс түріне айналдыру, балаларыңыздың болашағына ақша жинау, бірнеше жылдан кейін пассив табыс әкеліп тұратындай жеке зейнетақы қорын жасап алу және т.б.
Инвестор болудың жолдары
Инвестиция салудың көп тәсілі бар. Капиталыңызды біреуге басқаруға сеніп тапсырсаңыз болады, сол сияқты өзіңіз басқарсаңыз да болады. Қай нұсқаны таңдасаңыз да ерік өзіңізде. Барлығы бастапқы салымға, мақсатыңыз бен уақытыңызға байланысты. Алдымен сіздің орныңызға мамандар активтеріңізді басқарса қалай болатынына тоқталайық. Ең қарапайым әрі сенімді инвестициялау тәсілі ретінде банк салымдарын да осында жатқызамыз. Яғни сіз банкке қолдағы қаражатыңызды бересіз, ол оны қолданғаны үшін белгілі бір бөлігін пайызбен қосып беріп отырады. Бірақ одан түсетін табыс көбіне инфляция деңгейімен шамалас не аздау болады.
- Инвестициялық пай қорларын (ПИФ) таңдаған кезде шамамен қанша табыс әкелетініне және басқарушылардың сатып алатын акцияларына қарайды. Әрине, ешкім түсетін табыстың сомасына кепіл бермейді. Мұнда бәрі таңдаған активтеріңіз мен басқарушы компанияның құзіретіне байланысты. Сонымен бірге компания комиссия ұстайтынын да атап өту керек.
- Сенімгерлік басқаруға тапсыруға болады. Бұл — инвестициялаудың ең қарапайым жолдарының бірі. Капиталыңызға қамқор болатын сенімді кәсіби маман таңдайсыз да, оған стратегия жасауға тапсырасыз. Ол сіздің қалау-қажетіңізді ескере отырып, дайындап береді. Сіздің атыңыздан құнды қағаздар мен өзге де активтерді сатып алады. Табысқа қатысты кепіл мұнда да берілмейді. Комиссияны да ұмытпаңыз. Айтпақшы, Ұлттық банктегі тізімді қарап шығыңыз. Банктер, брокерлер мен басқарушы компаниялар, инвестициялық кеңесшілер реттеушінің лицензиясын міндетті түрде алуы керек.
Өз портфеліңізді өзіңіз бақылауда ұстағыңыз келсе, нені білуіңіз керек?
Сауда операцияларын өзіңіз жүргізіп, шешім қабылдап отырғыңыз келсе, онда көп уақытыңызды білімге жұмсауыңыз қажет. Сіздің орныңызға бәрін реттеп отыратын ешкім болмағандықтан, жеке уақытыңызды арнауыңыз керек болады. Стратегия құрасыз, активтерді іріктейсіз, портфель яки инвестициялық қоржыныңызды жинайсыз, келісімдер жасайсыз. Ең оңайы — биржада брокерлер арқылы инвестициялау. Олар екі ортада делдал болады. Бұл алаңда белгілі бір талапқа сай келетін эмитенттер мен қағаздар листиң процедурасы арқылы өздігімен іріктеледі. Неғұрлым жоғары деңгей болса, соғұрлым құнды қағаздар сенімді деген сөз. Мұнда да тәуекел жасайсыз. Бірақ биржадан тыс алаңдарға қарағанда мұнда қауіп азырақ.
Әртараптандырылған портфель деген не?
Инвестиция бар жерде үлкен тәуекел қоса жүретінін ұмытпау керек. Қандай актив таңдасаңыз да, капиталыңыздың кемінде шамалы бөлігінен айырылуыңыз мүмкін. Мұндай жағдай болмасын десеңіз, қаражатыңызды түрлі активке бөліп тастағаныңыз жөн. Сонда біреуі арзандап кеткенде, екіншісі орнында қалады не өседі. Тәуекелді әртараптандыру деген осы. Мысал ретінде айтатын болсақ: инвестор ақшасының бір бөлігін банкке салып қойды. Егер банк салымды сақтандыру жүйесіне енген болса, онда белгілі бір сомаға дейін мемлекет оны қорғайды. Қаражатының тағы бір бөлігін тәуекелі барынша аз деген құнды қағаздарға салды делік. Ол мемлекеттік облигациялар болуы мүмкін. Ал үшінші бір бөлігін — алтынға, тағы бірін акцияға салып тастады. Мақсатыңыз бен тәуекелдерге қарай қанша үлесті қай бағытқа салатыныңызды өзіңіз таңдайсыз.
Мәңгі тұра беретін портфельдің үлгісін талдап көрейік. Оны 1980-ші жылдары экономист Хәрри Браун ойлап тапқан. Ол капиталды тең бөлікке бөлу керек деп есептейді. Яғни 25 пайыздан, төрт активке салуға кеңес береді: мемлекеттік ұзақ және қысқамерзімді облигациялар, өсетін акциялар және қымбат металдар. Браун портфельге жылына бір рет қана ребаланс жасаған жөн дейді. Бұл дегеніміз жылына бір өзгерісті қарап отырасыз, бағасы өскенін сатасыз. Сөйтіп баланс сақталуы үшін бағасы арзандап жатқан акция алып қоясыз. Портфельге диверсификация жасаудың тағы бір тәсілін Bridgewater Associates хедж-қорының негізін қалаған миллиардер Рэй Далио ұсынған. Ол өзінің бұл әдісін кез келген «жағдайға» төтеп беретін әдіс деп атаған екен. Яғни қандай экономикалық жағдай болса да жұмыс істейді деседі. Далионың ұсынысы мынадай: портфельдің 40 пайызына — АҚШ-тың ұзақмерзімді қазыналық облигацияларын, 30 пайызына — акциялар, 15 пайызына — ортамерзімді облигацияларды, 7,5 пайызына — алтын, 7,5 пайызына шикізат тауарларын алып қою керек.
Жас инвесторларға кеңес
Инвестиция құралдарының түрі көп. Оларды шартты түрде үш түрге бөлуге болады: тәуекелі жоғары, орташа және тәуекелі өте төмен. Бұған дейін айтқанымыздай, инвестицияның кез келген түрінде тәуекел болады. Сол тәуекелдерді басқарып отыру — өнер. Айталық, ең тәуекелі төмен құрал — мемлекеттің облигациялары. Ал енді компания капиталына қатысып, акциясын сатып алсаңыз, үлкен тәуекелге бел буып отырсыз деген сөз. Сондықтан құрал таңдаған кезде тәуекел мен профайлдың мақсатқа сай түріне тоқталу қажет. Ең абзалы — қоржында тәуекел деңгейі әртүрлі құралды қатар ұстау. Яғни қор нарығы құралдарын ғана емес, жылжымайтын мүлік те, алтын да болса құба-құп. Осы арқылы сіз баланс ұстайсыз. Салымдарды сақтандыру жүйесіне кіретін банктегі депозиттерді алып қарайық. Портфельде оған да орын тапқан дұрыс. Себебі мемлекет кепіл береді. Федерал қарыз облигациялары да қауіпсіз құрал саналады. Бұл дегеніңіз мемлекетке белгілі бір мерзімге қарыз бергенмен бірдей. Сол уақыт аралығында сізге төлем үшін купон беріліп отырады. Аяқталған соң қағаздың номинал құны төленеді. Басқа құнды қағаздардағыдай мұнда да бағада спекуляция болуы мүмкін. Себебі федерал қарыз облигацияларының нарықтағы құны өзгеріп отырады. Бірақ бұл жағдайда сізге купон берілмей қалуы не қаражатыңызды қайтармай қалу ықтималы өте төмен. Сондықтан қауіпсіз құрал дейміз.
Коммерциялық компаниялардың облигацияларында қауіп алдыңғыға қарағанда көбірек. Өйткені компания банкрот болып қалуы мүмкін. Болмаса, төлеуден басын алып қашатындар да болады. Сол себепті эмитенттің қаншалықты сенімді екеніне, қарызы қанша екеніне қарау керек. Келесі құрал — ETF. Бұл — түрлі индекстегі биржалық инвестициялық қорлар. Осы арқылы активтер жиынының аздаған бөлігін алуға болады. Егер ол активтер қандай да бір индекске ілесіп жинақталған болса, онда сол қордың үлесіне ие бола отырып, әлгі индексті бақылап отыруыңыз керек. Мұндай жағдайда мемлекеттік, инфрақұрылымдық және нарықтағы тәуекелдерді ескеру қажет болады. ПИФ-терге келсек, мұнда да активтер жиынына ақша саласыз. Оның пайы қор мүлкінің белгілі бір бөлігіне иелік ететініңізді растайтын құнды құжаттан тұрады. Қымбат металдарға да инвестиция сала аласыз. Мысалы — алтынға. Оның түрі көп: банктегі құйма, биржа қорлары арқылы не металл шоттар және т.б.
Тұрақты валюталарға да инвестициялауға болады. Мұны әдетте қор ретінде жинау үшін қолданады. Нарық тұрақсыз екенін ескерсек, акциялар да құбылып тұрады. Десе де, инвестиция тұрғысынан сенімді, дивиденд төленіп тұратын сенімді компания аз емес. Бастысы, сатып аларда барлығын егжей-тегжейлі тексеріп, зерттеу керек.
Қанша ақша салып бастаған жөн?
«Міндетті түрде мынанша сомадан бастау керек» деген ереже жоқ, әрине. Себебі құны тиын тұратын биржа қорлары бар. Бірақ ескеру керек басты жайттарды айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Старт капитал бөлген кезде брокердің ұстап қалатын сомасын есептеп алу маңызды. Әйтпесе, минусқа кіруіңіз мүмкін. Инвестиция — тұнған есеп. Есіңізде болсын: сіз әр тәсілді қолданып, құралдарды пайдаланған сайын тәжірибе жинай түсесіз. Оған уақыт кетеді, білім жинайсыз. Кейде қателесесіз, кейде жолыңыз болып пайда көресіз. Сондықтан инвестициялау жайлы ой келсе, кейінге шегере бермей, аздаған сомадан бастап көргеніңіз абзал. Қазір азғантай қаражат салып, бір жылдан кейін одан миллиондап пайда көремін деген соқыр сенімнің де қажеті жоқ. Сізге алдымен осы саланы меңгеріп көріп, сезіну әлдеқайда маңыздырақ. Олай болса, мынадай негізгі ережелерді ұстануды ұмытпаңыз:
- Күнделікті тіршілігіңізге кесірін тигізбейтіндей сома жұмсаңыз;
- Егер сол сомадан айырылып қалсаңыз, өміріңізде ештеңе өзгермейтіндей болсын;
- Брокерге беретін комиссияны есептеп алыңыз;
- Инвестициядан түскен табыстан салық төлеуіңіз керек екенін назарда ұстаңыз;
Енді бастағандарға нұсқаулық
Инвестиция әлеміне енді келгендерге пайдалы чек-лист дайындадық.
- Инвестиция жасап бастамас бұрын мақсат қойыңыз. Не үшін инвестициялайын деп жатырсыз? Біреу кейін зейнетке шыққанда қамсыз жүргісі келеді, енді бірі қымбат дүние сатып алу үшін бастайды. Біреу инфляцияны басып озғысы келеді. Сондықтан мақсаттың нақты сомасы бекітілгені жөн. «Жалақыға қосымша табыс болса деймін» деп емес, «екі жылдан кейін көлік алуға 5 миллион теңге жинасам деймін» деп нақтылаңыз.
- Тәуекел профайлын анықтап алыңыз. Тәуекелді профайлдау дегеніміз — инвестордың нарықтағы алдағы уақытта жасайтын әдісін анықтауы. Қандай тәуекелдерге дайын екенін белгілейді. Инвестицияда табыс көбірек болған сайын, тәуекел де арта түсетін ереже бар. Сондықтан сынақ мақсатында брокерлер мен инвестициялық компаниялардың сайтынан тестен өтіп көрген дұрыс.
- Көбірек білім алыңыз. Қазір брокерлер ұйымдастыратын курс көп. Ақылы да, тегін де түрлері бар.
- Мақсатыңызды іске асыру үшін қандай табыс жеткілікті болатынын есептеп алыңыз. Егер зейнетақыға жинаймын десеңіз, болашақта қанша зейнетақы алып отырғыңыз келетінін есептеңіз. Содан кейін ол үшін не істеу керек екені белгілі болады. Жыл сайын өзгеріп отыратын инфляцияны, төлейтін салықты ескеруді ұмытып кетпеңіз.
- Стратегия таңдаңыз. Жылына қанша табыс тапқыңыз келетінін біліп алсаңыз, одан кейін маманға, яғни қаржы кеңесшісіне барсаңыз дұрыс болады. Ол сізге бәрін тәптіштеп реттеп беруге көмектеседі. Ал енді ешкімнің көмегінсіз өзіңіз істегіңіз келсе, онда дайын портфельдер схемасын қолдансаңыз болады. Интернетте мысал өте көп.
- Старт үшін капитал бөліңіз.
- Брокер таңдаңыз да, келісім жасасып, брокерлік шот ашыңыз.
Жас инвесторлардың жиі жіберетін қателіктері
- Оқудың қаншалықты маңызды екенін түсінбейтіндер бар. Онсыз болмайды. Егер ақшаңыз болмаса, кемінде тегін шеберлік сағаттарына, курстарға барыңыз. Осылайша нарық пен мүмкіндіктер жайлы тың ақпараттарға қанығасыз.
- Өмір сүруге керек болатын ақшаңызды инвестицияға салып тастамаңыз. Алдағы бірнеше жылда керек болмайтын қаражатты ғана пассив табыс үшін салуға болады. Инвестицияға ақша салмас бұрын қор жинап алған жақсы.
- Қалай жұмыс істейтінін түсінбесеңіз, бейтаныс қаржы құралдарын қолдануға әуес болмаңыз. Бағасы қалай бекітілетінін, табыстың не нәрсеге байланысты өзгеретінін зерттеп алмайынша қаражат құймаңыз. Білім керек деп айтылатыны сондықтан.
- Бар ақшаңызды бір құралға салып қоймаңыз. Диверсификация өте маңызды.
- Бағасы түсіп жатыр екен деп құнды қағазды алуға әуес болмаңыз. Сеніміңізді ақтамаған активті қандай жағдайда сатып жіберетініңізді анықтаңыз.
- «Таудай табыс әкеледі» деген жарнамаларға құмарта бермеңіз. Әсіресе, «еселеп табыс табасыз» десе, күмәнмен қараңыз.
- Бірге жұмыс істейтін серіктестер, делдалдар мен компанияларды тексеріп отырғанның әбестігі жоқ. Қысылмаңыз.
- Эмоцияға қатты берілмеңіз. Егер эмоция басым боп бара жатқанын сезсеңіз, онда ештеңе істемеңіз. Сабырға келіп, мақсатыңыз бен жоспарыңызды еске түсіріп, сосын барып әрекет етіңіз.