Қазақстанда ірі теңіз көліктік-логистикалық кластері құрылады
Қазақстанда теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Құжат Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құруды көздейді.
Осылайша елімізде контейнерлерді өткізу қабілеті артып, жүктерді ауыстырып тиеу терминалдары және халықаралық тасымалдардың логистикасы дами түседі деп күтілуде. Сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік бермек.
«Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көліктік-логистикалық кластер құру, сондай-ақ Ақтауда контейнерлік хаб салу жоспарлануда. Жобалардың негізгі үлесі жеке инвестициялар есебінен салынбақ. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту шеңберінде жоспарланған инвестициялар да бар. Биылғы 6 айда ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 65%-ға артып, 2,1 млн тоннаны құрады», – делінген Үкімет хабарламасында.
Ведомствоның мәлімдеуінше, биыл бірінші жартыжылдықта халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен жүктерді экспорттық-импорттық тасымалдау 3,8 млн тоннаға, ал жүктерді транзиттік тасымалдау көлемі 2,4 млн тоннаға жеткен.
«Қытаймен халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау да маңызды оқиға болды. Енді қазақстандық тасымалдаушылар Қытайдың өнеркәсіптік және порт-қалаларына жүктерді тасымалдай алады және басқа елдердің аумақтары бойынша транзитпен жүре алады. Биыл алғаш рет Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Құрық және Баку теңіз порттары бойынша Қытай – Қазақстан – Әзербайжан – Грузия бағытында Қытайдан Еуропаға жүктер тестілеу режимінде автокөлікпен транзиттік тасымалданды», – деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ халықаралық қатынаста автомобиль тасымалы саласындағы рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді мұндай кезде адами фактор болмайды.
10 шілдеде Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуропалық одақтың ҚР-дағы өкілдігінің елшісі Кестутис Янкаускас пен ЕО елдерінің дипломатиялық миссиялары басшыларының қатысуымен «Қазақстан – ЕуроОдақ» диалогтық платформасының 15-ші отырысы өткен болатын. Диалог платформасының отырысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) аса перспективалы бағыттардың бірі ретінде дамыту жоспары талқыланды. Онда Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб ретінде саналатын Қазақстан арқылы тауарлардың 85%-ға жуығы Қытайдан ЕО елдеріне тасымалданатыны айтылды. ТХКБ сауда ағыны үшін барынша ыңғайлы жағдай жасай отырып, бәсекеге аса қабілетті жеткізу мерзімін (12-15 күн) ұсынады.
Көлік министрлігінің мәліметі бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдауды ұлғайту бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл Құрық портын тереңдету жоспарланған. Бұл кемелердің портқа кіруі үшін жеткілікті тереңдікті қамтамасыз ету үшін қажет.
2024 жылдың алғашқы 4 айында аталған бағытта жүк тасымалы көлемінің өсімі 15 пайызды құраған. Құрық порты арқылы жүк көліктерінің өтуі 34 пайызға, ал Ақтау порты арқылы өтетін контейнерлер саны 27 пайызға өскен.
Қытайдан Еуроодақ елдеріне контейнерлік транзиттің өтуі 3,4 есе артқан. Ақпан айында Ақтау порты арқылы жөнелтілетін Қазақстан мұнайының экспорттық көлемі 287 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 76 мың тоннаға артық.