«2GIS, “Яндекс.Еда” және Fonbet»: қазақстандықтардың жеке дерегі тағы тарап кетті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Желіге 2022 жылдың 29 қарашасына дейінгі деректер тараған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың жеке дерегі тағы тарап кетті. Бұл туралы TSARKA кибершабуылды талдау және тергеу орталығы хабарлады.

Орталықтың мәлімдеуінше, өткен аптада Telegram мессенджерінде BreachForums атты хакерлер форумындағы деректер базасын желіге жариялаған. Бұл форум 2022-2023 жылдар аралығында зиянды бағдарламалар мен ұрланған деректердің саудасымен танымал болған. Орталық ұсынған ақпаратқа сүйенсек, хакерлер форумында Қазақстаннан 15 хакер тіркелген.

Желіге 2022 жылдың 29 қарашасына дейінгі деректер тараған. Оның ішінде құпиясөз, жеке хабарлама, криптовалюта мекенжайы қамтылған.

Желіге тарап кеткен дерек арасында Шәкәрім университеті студенттері мен түлектерінің деректер базасы бар. 2022 жылдың 24 маусымындағы B2B , 2GIS-тің Қазақстан мәліметтері, Yandex Food пен 2021 жылдағы Fonbet-тің Қазақстан мен Ресейдегі қолданушыларының деректері табылған. Сонымен қатар Spark атты көлік-логистикалық компаниясының деректері де бар.

TSARKA Group-тың негізін қалаушы Олжас Сәтиев тарап кеткен ақпаратта форум қатысушылары жіберген түрлі хат барын, олардың бірінде Қазақстандағы маңызды банктің дерекқоры бұзылғанын айтады. Сәтиев мәліметтер базасымен қазіргі уақытта құқық қорғау органдары айналысып жатқанын мәлімдеді.

«Бұл оқиға киберқауіптерге қарсы жеке ақпаратты қорғау және қырағы болу маңыздылығын көрсетеді. Біз барлық киберпайдаланушыларды аса сақ болуға және құпия сөздердін және басқа да қауіпсіздік шараларын жедел жаңартуға шақырамыз»,- деді Олжас Сәтиев.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралып кеткені жайлы хабарлады. Жалпы, Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректер анықталды. Оның ішінде РФ – 23,6 млн, Филиппин – 5 млн, Вьетнам – 2 млн деректері бар.

Ал сәуір айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуына жол берген Zaimer.kz микоқаржы ұйымына 1 846 000 теңге көлемінде айыппұл салды. Тексеру жұмыстары аяқталған соң, әкімшілік іс қозғалып, комитет компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде Robokash.kz ЖШС-на 1000 АЕК мөлшерінде, жеңілдетілген тәртіпте, айыппұл салған. Микроқаржы ұйымы ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабының 4 бөлігіне сәйкес 500 АЕК көлемінде айыппұл төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз