Қор нарығына шолу: хеджқорлар қандай акцияларды сатып құтылып жатыр, жыл соңына дейінгі болжамдар, инфляциялық тәуекелдердің өсуі
Өнеркәсіп компанияларының акциялары өткен аптада АҚШ-тың ең көп сатылатын секторына айналды – хеджқорлар оларды рекордтық қарқынмен сатып жатыр. Сарапшылар қысқамерзімді маусымдық бәсеңдеу болады деп отыр. 2024 жылы «толыққанды» аю нарығын көре алмаймыз-ау. Осы және басқа да тақырыптар туралы 29 шілдедегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
Goldman Sachs: хеджқорлар өнеркәсіптік компаниялар акцияларын рекордтық қарқынмен сатып жатыр
Геосаяси өзгерістерге байланысты хеджқорлар өнеркәсіптік компаниялардың акцияларынан сатып құтылуға көшкен деп жазады Bloomberg. Олар Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайланып, шетелдік тауарларға тариф енгізуі ықтималдығының артуына осылай дайындалып жатыр. Бұдан басқа тағы АҚШ пен Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулауына қатысты қауіптену де күшейіп келеді.
PivotalPath деген хеджқорлар жөніндегі зерттеу компаниясының бас атқарушы директоры Джонатан Кэплис: «Инвесторлар Трамптың бастамалары инфляциялық қысымды күшейтіп, ұзақмерзімді пайыздық мөлшерлемелерге әсер етеді деп алаңдайды», – дейді.
Міне, осылайша, Goldman Sachs есебіне сәйкес, өткен аптада өнеркәсіптік компаниялардың акциялары АҚШ-тың ең көп сатылып жатқан секторына айналды. Оның үстіне өнеркәсіптік компаниялардың екінші тоқсандағы есептері де әркелкі. Мысалы, American Airlines Group және United Parcel Service сұраныстың әлсіреуіне байланысты болжамды пайда мөлшерін төмендетті. Ал General Electric қозғалтқыштар сатылымының өсуі мен техникалық қызмет көрсету аясының кеңеюіне орай жоғары көрсеткіштер туралы хабарлады.
BofA: нарықты қысқамерзімді маусымдық төмендеу мен құбылмалылық күтіп тұр
BofA стратегтері америкалық компаниялардың акцияларына таяу айларда төмендеу қаупі төніп тұр деп есептейді . Бұған себеп болатын маусым мен АҚШ-тағы сайлау дейді Market Watch.
BofA Global Research зерттеуіне сәйкес, акциялар жылына орта есеппен үш рет 5%-ға және жылына бір рет 10%-ға төмендейді, осындай тарихи заңдылық бар екен. «Сондықтан біз кеш қалдық» деп жазды стратегтер. Сайлауға келетін болсақ, 1928 жылдан бастап «Уолл-стриттің қорқынышының индикаторы» ретінде белгілі Cboe құбылмалылық индексі шілдеден қарашаға дейін орта есеппен 25%-ға өсті. Сондықтан алдағы айлар да акциялар үшін қауіпті.
Ал BofA стратегтері инвесторлардың биыл «толыққанды» аю нарығын көре алмайтынын айтады. Статистикаға сәйкес, қазір 10 макроэкономикалық триггер нарықтың «аю» үрдісінен едәуір алшақ тұрғанын көрсетеді. Ал сигналдардың 50%-ы алда максимумдардың болатынына нұсқайды.
Осы аптада ФРЖ мөлшерлемелері төмендетілмейтін секілді
Yahoo Finance мәліметінше, сарапшының көбі осы аптада өтетін ФРЖ отырысында ақша-несие саясаты төмендейді деп үміттенбейді. Олар мынадай пікірде: нарықты мөлшерлемені төмендетуге дайындай отырып, инфляция қарқынының төмендеуі үрдісінің нығаюына көз жеткізу үшін Федрезервке әлі де біршама уақыт қажет.
Дегенмен соңғы макроэкономикалық деректер мөлшерлеменің қыркүйекте төмендетілетініне нұсқайды. Тұтынушылық шығындар индексі (PCE) маусымда үш жылдан астам уақыт ішіндегі ең төменгі жылдық өсімді көрсетті – мамырда 2,8%, кейін 2,6% болды. Үш айлық есептеуде базалық PCE 2,9%-дан 2,3%-ға төмендеді. ТБИ деген тағы бір көрсеткіш те сәуірдегі 3,6%-дан маусымда 3,3%-ға төмендеді. АҚШ-тағы инфляция мақсатты көрсеткішке қайта оралуы мүмкін, мөлшерлемелер жақын арада төмендетілсе, орынды болар еді деп есептейді Wilmington Trust бас экономисі Люк Тилли. Экономист мөлшерлеме қыркүйекте, сосын желтоқсанда, ал 2025 жылы ширек тармаққа төмендетіледі деп болжайды.
Reuters сауалнамасы: әлемдік экономиканың өсіп келе жатқан тұрақтылығы мөлшерлеменің төмендетілуіне қатысты болжамға сәйкес келмейді
Reuters агенттігі 8–25 шілдеде жүргізілген сауалнамасына сілтеме жасап былай дейді: жүзден астам экономист бұрынғысынша инфляция жоғары болады және әлемдік экономика өседі деп күтеді. Бұл пікір жуырда ақша-несиелік саясат жұмсартылады деген пайыммен сәйкес келмейді. Сауалнамаға қатысқан адамның көбі мынадай пікірде: жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары әрі жалақы өсіп отырған тұрақты әлемдiк экономика үшін баға қысымының қайта күшею қаупі әлі сейілген жоқ.
Тұтастай алғанда, сауалнамаға қатысқан экономистің 56%-ы, яғни 202 адамның 114-і жоқ дегенде 2024 жылдың соңына дейін инфляцияның мақсатты көрсеткіштен асып кететініне сенімді. BMO Capital Markets бас экономисі Дуглас Портер: «Әлемдік экономика соңғы екі жылда көптеген күйзеліс пен шиеленіске, сосын, әрине, ақша-несие саясатының негізгі қатайту цикліне төтеп бере алды», – деп атап өтті.
TD Securities-тегі жаһандық макроэкономикалық стратегия бөлімінің басшысы Джеймс Росситер: «Әлемдік тауарлардың негізгі тобының бағасы өсіп барады, ал оларды жеткізу құны барынша максимумға жақындап келеді, – деді. – Бұл жағдай қызмет көрсету саласындағы тұрақсыз инфляцияның әсерін азайтуы мүмкін».
«2024 жылдың соңына дейін базалық инфляцияның қай бөлігі тұрақсыз болады?» деген сұраққа көптеген экономист: «Қызмет көрсету, тұрғын үй және жалдау ақысы», – деп жауап берді.