Air Astana компаниясы жеті Airbus ұшағын лизингке алады
Air Astana компаниясы 7 Airbus әуе кемесін лизингке алады. Air Lease Corporation-мен жасалған келісімге сәйкес, A321neo LR ұшақтары 2026 жылдан бастап жеткізілмек.
«2024 жылғы 26 шілдеде Air Astana тобы Airbus A321LR жеті ұшағының операциялық лизингі туралы Air Lease Corporation-мен келісім жасады. Ірі мәміле Директорлар кеңесімен мақұлданған», – делінген хабарламада.
Аталмыш келісім компанияның әуе паркін 2028 жылға қарай 80 ұшаққа жеткізу жоспарына сай келеді.
Қазіргі уақытта «Эйр Астананың» әуе паркінде 54 ұшақ бар. Ақпан айындағы IPO алдында тасымалдаушы маневр жасауы оңай және жолаушыларды тезірек отырғызып және түсіруге мүмкіндік беретін тар фюзеляжды ұшақ сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Компания жаңа ұшақтар компания табыстылығын арттырады деп есептейді. Ал Airbus A321neo LR арнайы тар фюзеляжды ұшақтар класына жатады.
Air Astana сондай-ақ бразилиялық Embraer және америкалық Boeing 767 ұшағын пайдаланудан бас тартып, оларды Airbus A320 және Boeing 787-ге ауыстыратынын хабарлады.
Компания жақын болашақта Нью-Йоркке рейс ашуға ниетті. Ал компания паркіндегі ұшақтар Американың осы қаласына тікелей ұшуға мүмкіндік бермейді. Нью-Йоркке тікелей рейс 2025 жылы ашылуы тиіс.
Air Lease Corporation – әуе кемелерін лизингке беретін жетекші компаниялардың бірі. 2010 жылы негізі қаланып, Американың Лос-Анджелес қаласында орналасқан және 62 елден 119 әуе компаниясымен жұмыс істейді. Былтыр 552 миллион доллар таза пайда алған.
Ақпандағы IPO-дан кейін Air Astana негізгі акционерлерінің құрылымы өзгерді. Қазір «Самұрық-Қазына» 41,07% акциясына иелік етеді. 23,66% акциясы еркін айналымда жүр. Британдық BAE Systems 16,98% үлеске иелік етсе, БЖЗҚ қаржысына 6,52% акциясы сатып алынған.