Жаңалықтар

Магистральдық мұнай құбырлары арқылы 6 айда 23,2 млн тонна мұнай тасымалданған

Магистральдық мұнай құбыры арқылы қанша мұнай тасымалданды / Фото: ҚазТрансОйл

«ҚазТрансОйл» 6 айда 23,2 млн тонна мұнай тасымалдаған. Бұл 2023 жылдың I жартыжылдығындағы көрсеткіштен 1 млн тоннаға немесе 5%-ға артық. Компаниялар тобы жыл басынан бергі өндірістік қорытындысын шығарды.

«2024 жылдың қаңтар-маусым айларында жеке «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы 22 млн 265 мың тонна мұнай тасымалдады, бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 912 мың тоннаға немесе 4%-ға артық», – делінген хабарламада.

Есепті кезеңде «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС мұнай құбырлары арқылы 9 млн 127 мың тонна мұнай тасымалданған, бұл 2023 жылғы І жартыжылдық көрсеткішінен 161 мың тоннаға аз.

Сонымен қатар «МұнайТас» СБҚК» ЖШС мұнай құбырымен 2,7 млн тонна мұнай жөнелтілген. Мұнайдың жүк айналымы 15 млн тонна-километрге артып, 1 млрд 117 млн тонна-километрді құрады.

«Батуми мұнай терминалында» 953 мың мұнай, мұнай өнімдері және газ ауыстырып тиелген. Бұл көрсеткіш – 2023 жылғы І жартыжылдықтан 175 мың тоннаға жоғары.

Қазақстанның Атырау және Маңғыстау тұтынушыларына «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбыры арқылы «Магистральдық суағызғы» ЖШС 12 млн 745 мың текше метр тұщы су жеткізген.

«ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ҚР ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді. 

Жақында ҚТО ішкі нарыққа мұнай тасымалдау тарифін көтеретінін хабарлады. Тариф 1000 км-ге 1 тонна үшін 4 851,87 теңге (ҚҚС-сыз) деп бекітілген. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

ҚТО-ның еншілес ұйымынан грузиялық компания 1,5 млрд теңге өндіріп алған. Сонау 2005 жылы «Грузия темір жолы» АҚ (ГТЖ) тарапынан басталған сот талқысы барысында «ҚазТрансОйл» ақыры жеңіліске ұшырады. Қазақстандық компания ГТЖ алдындағы 1,43 млрд теңге сомасындағы міндеттемелерін мойындаумен қатар, Грузия елінің қазынасына айыппұлы есептелген 760 млн теңгеге жуық салық төлейтін болды.