Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығын қаржыландыру: мемлекеттік қолдау өскенімен, инвестиция мен несие беру нашарлаған

Ауыл шаруашылығына инвестиция мен несие беру нашарлаған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Агроөнеркәсіп кешені – азық-түлік тәуелсіздігін, сондай-ақ ауылдардағы еңбек жұмыс күші әлеуетін қалыптастыратын маңызды секторлардың бірі. 2024 жылдың І жартыжылдығында ауыл шаруашылығындағы нақты көлем индексі (НКИ) 3,4% өсті. Биыл ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау өскенімен, инвестиция мен несие беру нашарлаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашлығының жылдық өсімі 11,6 пайыздық өсімді қамтамасыз етуді міндет етіп қойып отыр. 2023 жылдың (-8,6%) теріс базалық динамикасын ескерсек, бұл көрсеткішке жетуге болады. Сондай-ақ Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенін қомақты қаржылай қолдауы мен қолайлы ауа райы бұл көрсеткішке жетуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдау: қомақты қаржы мен субсидия

Үкімет биыл ауыл шаруашылық саласын қаржылай қолдауды жалғастырып жатыр. Мәселен, атқарушы билік 2024 жылы осы салаға 580 миллиард теңге бөлді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 400 миллиард теңгеге немесе 3,2 есе артық.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылы жалпы көлемі 100 миллиард теңгеге 17 мың  микрокредит беру арқылы қаржыландыру көлемін арттырмақ.

2024 жылдың 1 шілдесіндегі Ұлттық банк есебіне назар аудрасақ, екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы саласына несие беруі 3 ай қатарынан төмендеп келеді. Шілде айының басында 716 миллиард теңге кредит берілген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін (тамақ, сусын,темекі) өңдейтін өнеркәсіпке берілген несие көлемі 501 миллиард теңгені құрады.

Бұл салаға берілген несиенің аздығына саладағы тәуекелдер мен қомақты кепілдің болмауы себеп. Сондай-ақ қажетті көлемде қаржысы жоқ фермерлер сапалы тұқым, тыңайтқыштар, пестицидтерге кететін шығынды үнемдейді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің зерттеуінше, АӨК агротехникалық жұмыстарды тиісті деңгейде(қарды ұстау, ылғалды жабу, егу алдындағы өңдеу, жерді жырту, химиялық арамшөптерді жою және т. б.) толық көлемде жүргізбейді. Нәтижесінде қолданылатын агротехнологиялар деңгейі төмен болады.

Инвестицияның нашарлауы

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылы АӨК саласына республика бойынша 1,7 триллион теңге инвестиция тарту міндетін қойған болатын. Алайда министрліктің 2024 жылдың І жартыжылдығындағы есебінде салаға тартылған инвестиция көлемі төмен болып отыр. Өңірлер бойынша алып қарайтын болсақ, тек Павлодар облысы ғана І жартыжылдықтың жоспарын орындаған. Қалған өңірлердің инвестиция тарту жоспары төмен көрсеткішті көрсетіп отыр.

Еліміздегі солтүстік аймақтағы аграрлық өңірлердің инвестициялық жоспары және оның көлемі айтарлықтай жоғары.

Капиталға салынған инвестиция күрт төмендеді

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың І жартыжылдығында ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,5%-ға күрт төмендеген. Негізгі капиталға салынған инвестицияның 2013-2023 жылдар аралығындағы серпініне назар аударсақ, соңғы 3 жылда өсімі төмендеп, тіпті 2024 жылдың І жартыжылдығында теріс динамика байқатты. Осылайша, ауыл шаруашылығы тартқан инвестиция көлемі біртіндеп азайып келеді.

Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция, кредит және мемлекеттік қолдау шаралары шаруалардың егіс науқаны мен егін жинау науқанында айналым қаражатының болуы мен техниканы жаңарту, тыңайтқыш алу сияқты маңызды шығындарды жоспарлауға, дамытуға мол көмегін тигізетіні анық. Сондай-ақ өсімдік шаруашлығында қаржыландырудың жетпеуі өнімді сақтауға, қоймаларды жаңартуға, өндіріс көлемін арттыруға кедергі болып отыр. Ал мал шаруашылығында жем-шөп, асыл тұқымды малдарды алуға және оны көбейтуге қомақты қаржы қажет.