Қарағанды – Балқаш ақылы автожолында көліктер үшін жол жүру тарифі 40% өсіп, әр шақырымы 2 теңге болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз алаңында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
«Тарифті жолды күтіп ұстау және алынған қарызды қайтару үшін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір дәстүрлі түрде 1 километр үшін 1 теңге 25 тиын төлейді. Енді біршама өсіріп, 1 километр үшін 2 теңгеден көп баға қоятын боламыз», – деді министр.
Қарабаевтың сөзінше, жоба құны 317 млрд теңге болған. Қарағанды – Балқаш жол учаскесін салу үшін «ҚазАвтоЖол» компаниясы халықаралық қаржы институттарынан, дәлірек айтқанда, Азия Даму банкі, Еуропа инвестициялық банкі және Дүниежүзілік банктен қарыз алған.
«Қазір жолдың 80-ы аяқталды. Кейбір бөліктері толыққанды іске қосылған. 4 учаскіде, дәлірек айтқанда 363 км жол беріліп үлгерді», – деді министр Қарабаев. Министр жолды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын айтты.
Еске салсақ, осыған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдар тарифі 20%-ға қымбаттауы мүмкін деген. Министр елдегі ақылы жолдардың бағасы басқа мемлекеттермен салыстырғанда арзан екенін айтады.
Сондай-ақ Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алады. Қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінеді. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр.