Жоғарғы сот Астана тұрғыны Қайыргелді Смағұловтың Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүлкін мемлекетке қайтару туралы талабын қараудан бас тартты.
Астана қаласының тұрғыны Қайыргелді Смағұлов Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүлкін мемлекетке қайтаруды талап етіп сотқа жүгінген.
«Қ. Смағұлов жауапкердің (Нұрсұлтан Назарбаевтың – ред.) Қазақстан Республикасының президенті лауазымын атқару кезінде өз іс-әрекеттерімен бүкіл адамзатқа қауіп төндіргенін жазып, оның мүлкі мен активтерін мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы сотқа арыз берді», – делінген сот құжаттарында.
2024 жылдың 20 мамырда Астана соты Смағұловтың талабын қабылдаудан бас тартқан. 19 маусымда апелляция Астана сотының шешімін өзгеріссіз қалдырған.
2024 жылдың шілдесінде Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот актілерін қайта қарауға негіз болмағанын айтып, істі касацияда қараудан бас тартқан.
«Қ.Смағұловтың талап арызы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды», – делінген Жоғарғы сот қаулысында.
Жоғары сот өз шешімі Конституциясының 46-бабына сәйкес қабылданғанын жазған. Бұл заңның экс-президенттерге де қатысы барын түсіндірген.
«Заңға сәйкес, ҚР президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Республика президентін және оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Осы баптың ережелері Республиканың экс-президенттеріне қолданылады. «Қазақстан Республикасының президенті туралы» Заңның 36-бабына сәйкес, Республиканың экс–президенті сатқындық жасау жағдайларын қоспағанда, Республика президенті болған кездегі әрекеттері үшін жауапты болмайды», – делінген Жоғарғы соттың қаулысында.
2023 жылы қаңтар айында Парламент «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат Назарбаевты бірқатар артықшылықтардан, соның ішінде Елбасы мәртебесінен айырды.
ҚР Конституциясы экс-президенттерге зейнетақы, пәтер, мемлекет меншігіндегі саяжай, жеке автокөлік, ел аумағында тегін жүру, медициналық қызмет көрсету және санаторлық-курорттық емделуге кепілдік береді. Негізгі заңда «экс-президент мемлекетке опасыздық жасау жағдайын қоспағанда, президент ретіндегі өкілеттігін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауапты болмайды» делінген. Осыған қатысты құжатқа қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы президенті жарлығының жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік күзет қызметі Тұңғыш президент – Нұрсұлтан Назарбаевты күзетпейтін болды.