Жаңалықтар

Қазақстанда қай банктен ипотека рәсімдеген қолайлы?

Қай банкте ипотека шарттары тиімді? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда жеті банк жаңа және қайталама нарықтағы баспанаға ипотека береді. Krisha.kz порталы елдегі қаржы ұйымдарындағы тұрғын үй заемдарын зерттеп, шарттары ең тиімді банктерді атады. Бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығындағы ең тиімді ипотека мемлекеттік «Отбасы банк» ұсынатын жобалар. Сонымен қатар Halyk Bank пен Altyn Bank серіктестік бағдарламалары (40%-ы Halyk Bank-ке тиесілі) тиімді шарттар ұсынады. Қайталама тұрғын үй үшін – ForteBank және Freedom Bank бағдарламасы арқылы тұрғын үйге несие алған дұрыс.

Жаңа тұрғын үй нарығы

Қазіргі таңда Freedom Bank, «Еуразиялық банк», «ЦентрКредит Банк», ForteBank, «Отбасы банк», Altyn Bank және Halyk Bank арқылы жаңа тұрғын үйді несиеге рәсімдеуге болады. Олардың көпшілігі несиені тек құрылысы аяқталған, дайын пәтерлерге береді. Тұрғын үй кешені әлі пайдалануға берілмеген болса, кейбір банктер қосымша депозит талап етеді немесе тұрғын үй кешенінің Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі болған жағдайда ипотека бере алады. Ипотека алу үшін бастапқы жарна көбінесе 0-ден 30%-ға дейін, мөлшерлемелер 0,1%-дан 21%-ға дейінгі аралықта. Ал мерзімі 6 айдан 25 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын қоспағанда, ең тиімдісі «Отбасы Банктен» ипотека алу. Сондай-ақ Halyk Bank пен Altyn Bank-тің серіктестік бағдарламалары (40%-ы Halyk Bank-ке тиесілі).

«7-20-25» турасында

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Отбасы банктен» басқа алты қаржы ұйымы жаңа баспанаға ипотека береді. Оның ішінде «Еуразиялық банк» тек осы жобаны ұсынады. Шарттарға сәйкес, бастапқы жарна 20%, мөлшерлемесі 7%, мерзімі 25 жылға дейін. Ең жоғарғы сома өңірге байланысты 15-тен 25 млн теңге аралығында. Төрт қаржы ұйымы серіктестік бағдарламалары арқылы жаңа тұрғын үйге несие береді.

Мысалы, Altyn Bank (жартысы қытайлық CITIC Bank корпорациясына тиесілі, тағы 40%-ы Halyk Bank-ке тиесілі) жеке 2 бағдарлама, бірнеше серіктес бағдарламалары және мемлекеттік «7-20-25» жобасы бойынша ипотека береді. Қаржы институты арқылы салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі пәтерді, бірақ қосымша кепілдікке (1975 жылдан кешіктірмей салынған, қала ішінде орналасқан және салыстырмалы бағамен салынған пәтер немесе жеке үй) ипотека алуға болады.

Банктің бірінші жеке бағдарламасы «Ипотека» деп аталады.

Оның шарттары:

  • бастапқы жарна – 20%-дан;
  • мерзімі – 20 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – 175 млн теңге;
  • мөлшерлеме – егер несиеге банктік комиссия кіретін болса, 14%-дан (қарыз сомасының 1,99%-ы) және 19%-дан (комиссиясыз).

Екінші жекеменшік бағдарлама – «Цифрлық ипотека». Ол толығымен онлайн режимде рәсімделеді. Өтініш беруден бастап барлық құжатқа қол қоюға дейін кезең онлайн жасалады.

Оның шарттары:

  • бастапқы жарна – 20%-дан;
  • мерзімі – 20 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – 80 млн теңге;
  • мөлшерлемесі – 14-тен 21%-ға дейін.

Құрылыс компанияларымен серіктестік шарттары

Банк серіктестік ипотекасын тек бірнеше құрылыс компаниясының жекелеген тұрғын үй кешендеріндегі баспанаға береді. Ең танымал ипотекалық бағдарламалардың ішінде BAZIS-A («Тамаша») және BI Group («Оңай») бар. Оларға қойылатын шарттар:

  • бастапқы жарна – 0% («Тамаша») және 20% («Оңай»), бастапқы жарна болмаған жағдайда, кепілдікке баламалы жылжымайтын мүлікті ұсыну қажет;
  • мерзімі – 20 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – 80 млн теңге;
  • мөлшерлемесі – 0,1-ден 17%-ға дейін. Оның мөлшері несие мерзіміне және бастапқы жарнаның болуына байланысты.

Сондай-ақ Altyn Bank-тің 30-дан астам құрылыс компаниясымен серіктестік бағдарламалары бар:  (Hayat Construction, K7 group, Otau Group, Sensata Group, RAMS Qazaqstan, My House MWC, Saba Group KZ және т.б.). Несие шарттары да әртүрлі. Тұрғын үй кешендерінің көпшілігінде 10%-ға дейінгі мөлшерлемемен ипотека алуға болады.

Halyk Bank-те «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы, өзінің «Halyk ипотекасы» (құрылысы аяқталған тұрғын үй кешеніндегі немесе тұрғын үй кешені кепілдігімен салынып жатқан пәтерлер) және екі серіктесі аясында жаңа тұрғын үйге несие береді. Жеке бағдарлама шарттары:

  • бастапқы жарна – 20%-дан. Қосымша қамтамасыз ету арқылы сіз бастапқы жарнасыз несие алуға өтініш бере аласыз;
  • мерзімі – 20 жылға дейін;
  • максималды сома – қарыз алушының төлем қабілеттілігіне байланысты;
  • мөлшерлеме – 17,5%-дан (банк комиссиясымен), 18,5%-дан – комиссиясыз.

«BI Group-тан дайын тұрғын үй» және «БАЗИС-А-дан салынып жатқан тұрғын үй» серіктестік бағдарламалары да бар. Біріншісі бойынша банк қазақстандық үш мегаполистегі құрылыс компаниясы пайдалануға берген тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерге ипотека береді. Екіншісі – Алматыда салынып жатқан төрт тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер. Шарттары:

  • бастапқы жарна – екі бағдарлама бойынша 20%-дан;
  • мерзімі – BI Group-пен бағдарлама шеңберінде 1 жылдан 20 жылға дейін және «БАЗИС-А-мен 6 айдан 20 жылға дейін»;
  • көрсеткіш бірінші бағдарлама үшін 0,1%, екіншісі үшін 17,5%.

Коммерциялық ипотекалық жобалар

«ЦентрКредит Банкі» «7-20-25» жобасымен қатар басқа төрт бағдарлама бойынша ипотека береді. Оның екеуі «Ипотека» және «Ипотека+» деп аталады. Банк бастапқы жарнаның орнына қосымша кепілзат ретінде жылжымайтын мүлікті де қабылдайды. Бағдарламалардың шарттары ұқсас, бірақ екіншісінде несие рәсімдеу үшін комиссия алынбайды. Ал несие сомасының 1,5%-ы мүлікті сақтандыруға кетеді:

  • бастапқы жарна – 20%-дан;
  • мерзімі – 15 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – аймаққа және бастапқы жарнаның болуына байланысты 25-тен 100 миллион теңгеге дейін;
  • мөлшерлемесі – 17,5-тен 22,5%-ға дейін.

ЦКБ сонымен қатар үлестік қатысу шарты бойынша жаңа тұрғын үйге несие береді. Банк мұндай несиелерді тек аккредиттелген тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерге рәсімдейді. Олардың саны 80-ге жуық, тізім банк сайтында. Бағдарлама шарттары:

  • бастапқы жарна – 20%-дан;
  • мерзімі – 15 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – аймаққа және бастапқы жарна мөлшеріне байланысты 25-тен 80 миллион теңгеге дейін;
  • мөлшерлемесі – 17,5%-дан.

Сонымен қатар ЦКБ-ның құрылысы аяқталған және салынып жатқан тұрғын үй кешендері бойынша екі серіктестік бағдарламасы бар. Несие шарттары бірдей. Банк көптеген құрылыс компаниясымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Сондықтан Қазақстан бойынша әртүрлі тұрғын үй кешендерінен ипотека рәсімдеуге болады. Серіктестер тізімінде 500-ден астам тұрғын үй кешені бар. Шарттары:

  • бастапқы жарна – 20%-дан;
  • мерзімі – 15 жылға дейін;
  • мөлшерлемесі – 5,1-ден 18,5%-ға дейін. Бұл бастапқы жарнаның мөлшеріне және несиені өтеу мерзіміне байланысты.

Freedom Bank ұсынатын тұрғын үй заемы

«7-20-25» бағдарламасымен қатар банк жаңа пәтер алуға тағы үш ипотекалық бағдарламаға ұсынады. Оның екеуі – «Каскадты ипотека» және «Жаңа ғимараттардағы пәтерлерге цифрлық ипотека» серіктестік жобалары. Бірінші бағдарламаға қойылатын шарттар:

  • бастапқы жарна – 20%-дан;
  • мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – 35 млн теңге;
  • мөлшерлемесі – 7,2-ден 16,4%-ға дейін. Оның үстіне ең төменгі мөлшерлеме бойынша 50%-дан жоғары бастапқы жарнамен ғана ипотека алуға болады.
  • Ипотеканың бұл түрінің ерекшелігі – мөлшерлеменің бүкіл мерзім бойы – ең төменгіден максимумға дейін өзгеріп отыруы. Осылайша, несие мерзімі неғұрлым қысқа болса, соғұрлым артық төлем азаяды.

Екінші бағдарламаның шарттары бастапқы жарна мен несиені өтеу мерзімі бойынша ұқсас:

  • бастапқы жарна – 20%-дан;
  • мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – 70 миллион теңгеге дейін;
  • мөлшерлемесі – 17,2%-дан.

ForteBank «7-20-25» жобасымен бірге бастапқы тұрғын үйге арналған жеке ипотекалық бағдарлама ұсынады. Қала ішінде ғана емес, қала маңында да пайдалануға берілген тұрғын үй кешенінен пәтерді ипотекаға алуға болады. Шарттары:

  • бастапқы жарна – 15%-дан;
  • мерзімі – 3 жылдан 20 жылға дейін;
  • ең жоғары сома – 200 млн теңге;
  • мөлшерлемесі – 17,5-тен 19,5%-ға дейін.

Ипотекалық несие нарығының шамамен үштен екі бөлігін алып жатқан мемлекеттік «Отбасы банктің» тұрғын үй құрылыс жинақтарына негізделген несиелеу жүйесі бар. Ипотека депозит болған жағдайда ғана беріледі. Онда тұрғын үй құнының кемінде 50%-ы болуы қажет. Бұл соманы бір рет салуға болады, бірақ ақша алты ай бойы шотта жинақталуы керек. Ипотеканың негізгі шарттар:

  • мөлшерлеме – 6-дан 10%-ға дейін;
  • депозитте пәтер құнның 50%-ы жинақталған және ақша банкте кемінде алты ай болған жағдайда;
  • үш жылдан кейін көпір несиесі тұрғын үй несиесіне айналады.

Аралық заемға өтініш беруге болады. Бірақ бұл жағдайда депозиттегі ақша үш жыл бойы жиналуы керек. Ипотека пайдалануға берілген тұрғын үй кешендеріндегі, сондай-ақ тұрғын үй кешені кепілдігімен салынып жатқан пәтерлерге беріледі.

Сондай-ақ «Отбасы Банктің» жеке «30/70» ипотекалық бағдарламасы бар. Пәтерді банк арнайы келісімшартқа отырған құрылыс компаниясынан ғана алуға болады. Оның шарттары:

  • бастапқы жарна – 30%-дан;
  • мөлшерлемесі – кейіннен 4%-ға дейін төмендете отырып, 7%.

Қайталама тұрғын үй нарығындағы ипотекалар

Қайталама нарықтан үй алу үшін ипотеканы жеті банктен рәсімдеуге болады. Олар: Altyn, Halyk, БЦК, Freedom Bank, ForteBank, Nurbank, «Отбасы банк».

Бұл ретте кей банктер соңғы және бірінші қабаттағы тұрғын үйлердегі пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайлар мен саяжайларды кепілдікке қабылдамайды. Кейбір банктер жатақхана бөлмелерін сатып алуға несие бермейді.

Көптеген банк баспана құнының кем дегенде 20%-ы көлемінде бастапқы жарна талап етеді. Тек ForteBank-те бұл көрсеткіш 15%, Nurbank- 30%, «Отбасы банкте» – 50%-ды құрайды. ЦКБ-да бастапқы жарнасыз, бірақ құны бірдей жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, ипотека рәсімдеуге болады.

Коммерциялық банктердегі ең ұзақ мерзім – 20 жыл. Ең төменгі мөлшерлемелер 3,5%-дан (мемлекеттік «Отбасы банкінде») 19%-ға дейінгі аралықта. Заем сомасы көптеген факторға байланысты: қарыз алушының несие тарихы, ресми кірісінің болуы, тұрғын үй құны және т.б. Несие шарттары банкте несиеге өтініш бергенде жеке есептеледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда үлескерлерден ақша тартуға рұқсат беру қағидалары өзгеретіні хабарланды.