Тұрғын үй нарығы: үлескерлерден ақша тартуға рұқсат беру қағидалары өзгереді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Үлескерлерден ақша тарту қағидалары қандай? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгеріс енгізбек. Тисті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Бұйрық жобасында үлескерлерден ақша тартуға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімі көрсетілген.

Атап айтқанда:

  • құрылыс компаниясы кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесін растауы керек. Сонымен қатар республикалық маңызы бар қалаларда, астанада жалпы ауданы кемінде 10 мың шаршы метр, ал ауыл аймақтарда кемінде 5 мың шаршы метр ғимарат салғанын растайтын құжат ұсынылауы шарт;
  • үлескерлерді тарту үшін 3 жыл жұмыс өтілі болуы маңызды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар қалаларда, астанада кемінде 30 мың шаршы метр және өзге де әкімшілік аумақтарда 18 мың шаршы метр нысанды пайдалануға беру актісін ұсынуы керек. Бұл ретте құрылыс компаниясының еншілес ұйымдармен жиынтық тәжірибесі ескеріледі.

Бұған қоса көппәтерлі тұрғын үй туралы мәліметтер (объектінің атауы, орналасқан жері, техникалық сипаттамалары) ұсынылады. Сондай-ақ жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар болуы шарт.

«Бұл тұста ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысымен көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны қабылдау туралы талон болуы шарт», – деп жазылған құжат жобасында.

Еске сала кетсек, Алматыда 34 үлескердің 290 млн теңге мөлшеріндегі ақшасын заңсыз иеленген компания басшысы жазаланды. Бостандық аудандық сотының 2024 жылғы 21 маусымдағы үкімімен күдікті ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз