Lifestyle

Жұмбақтасқа шығып, «мұнда Серік болды» деп жазуға тыйым салынуы мүмкін. Министр мәселені шешуге уәде берді

Экология және табиғи ресурстар министрлігі туристердің Жұмбақтасқа шығуына тыйым салуды ұсынады / Фото: shutterstock

«Бурабай» ұлттық саябағындағы Жұмбақтасқа туристердің шығуына және тастың бетіне жазуға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

Ведомство басшысының сөзінше, бұл шара туристер ағының артуына байланысты қабылданбақ. Алайда Жұмбақтастың маңында жүзуге шектеу қойылмайды.

«Ол жерде жүзуге және онда бару тыйым салынбайды. Бірақ, менің ойымша, бұл жартастарға шығуға тыйым салу туралы шешім қабылдау керек. «Бурабай» ұлттық паркінің басшылығымен сөйлесемін» – деді министр.

Жұмбақтас – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық аймағында, Бурабай кентінен шамамен 4 шақырым жерде орналасқан.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 22 мамырда депутаттар вандализм үшін жазаны қатаңдататын заңды қабылдады. Енді вандализм үшін 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізу, не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылады. Қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны үшін айыппұл 2 есеге – 10 АЕК-ке дейін, ал қайталанған жағдайда – 20 АЕК-ке дейін өсті.

23 маусымда Италияның Помпей қаласында бұзақылық жасаған қазақстандық турист ұсталған. Ол Помпей археологиялық паркінде орналасқан Цей үйінің сыртына «ALI» деп атын жазып кеткен.