Экология министрі Арал теңізін жаңбырмен толтырам деген Алтай Айнабектің бастамасы туралы: «Нақты дәлелі жоқ тәсіл»
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Аралды жаңбыр суымен толтыру жобасын көтеріп жүрген Алтай Айнабектің бастамасына күдікпен қарайтынын жеткізді.
Министрдің айтуынша, Алтай Айнабектің әдісі – бұл адам сеніңкіремейтін, нақты қолдануға дәлелі жоқ тәсіл.
«Нақты сол күндері «Қазгидрометтің» болжамы бойынша жаңбыр жаууы керек болатын. Алғашқы он күндегі болжам нақты болды. Дүние жүзінде болжаммен айналысатын ғалымдар мен тиісті мекемелер осы тәсілді зерттеуінше, бұл адам сеніңкіремейтін, нақты қолдануға дәлелі жоқ тәсіл. Көрсеткен Арал өңіріндегі жаңбырды айтсақ, бұған қызығушылық таныттық, өзіміздің «Қазгидромет» мамандарын шақырдық. Біздің болжам бойынша сол күндері жаңбыр жаууы керек болған. Сол себептен дүние жүзінің ғалымдарының ұстанымын айтсақ, бұған сене беруге болмайды», – деді министр.
Сондай-ақ болашақта Ерлан Нысанбаевтың Алтай Айнабекпен кездесіп, сөйлесуге де ниеті бар.
Әлеуметтік желіде «жаңбыр адам» деген атпен танылған Алтай Айнабек жасанды жаңбыр жаудыру арқылы Арал теңізін толтыру әдісін ұсынған. Мамандығы инженер Алтай Айнабек белгілі бір уақыт аралығында арнайы технологияның көмегімен Атлант мұхиты көгінен бұлттарды шақырып, жаңбыр жауғызғанын мәлімдеген.
Министр тілге тиек еткен сол күндері Қызылорда және еліміздің басқа өңірлерінде жаңбыр толассыз жауды. Халық ауа райының күрт өзгеруін Алтайдың технологиясымен байланыстырған болатын.
Алтай Айнабек Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі әр кезеңнің уақыт аралығын белгілегенін жазған болатын.
Келесі кезеңге өту үшін Алтай ресми хат жіберген. Кейін парақшасында Арал теңізінде су деңгейі көтерілгені туралы министрліктің ресми мәлімдемесі жайлы жазып, әзірге биліктен қолдау таппағанын жеткізді.
«Кешегі Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі ресми «су көбейді» дегені кәдімгідей рухтандырды! Мақұл, біз туралы ештеңе айтпады, мәселе жоқ. Бастысы – халық қолдауда, Президент қолдайды деп сенеміз», – деп жазды ол.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде оның технологиясын жоққа шығарып, табиғат заңдылығына қарсы шығу деп тұжырымдайтындар да бар.