Латын Америкасының тоғыз елі Венесуэладағы сайлау нәтижелерін қайта қарауға шақырды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Латын Америкасының тоғыз елі Венесуэладағы сайлау нәтижесін қайта қарауды сұрайды / Коллаж: AP Photo / Cristian Hernandez / Matias Delacroix, бильд редактор Ахтам Зиперов

Латын Америкасының тоғыз мемлекетінің үкіметі Венесуэлада өткен президенттік сайлаудың қорытындыларына байланысты Америка мемлекеттері ұйымының төтенше кездесуін өткізуге шақырды. Бұл туралы америкалық AP News агенттігі хабарлады.

Аргентина, Гватемала, Доминикан Республикасы, Коста-Рика, Панама, Парагвай, Перу, Уругвай және Эквадор қол қойған декларация Венесуэладағы сайлау нәтижелерін толық қайта қарауды талап етеді.

Сонымен қатар «халықтың еркі мен демократияның іргелі принциптерін»қорғауға тиіс Америка мемлекеттері ұйымының Тұрақты Кеңесінің шұғыл отырысын өткізу қажет деп мәлімдейді. Декларацияға қол қойған елдер Венесуэлаға тәуелсіз бақылаушылар жіберуді талап етті.

Айта кетейік, Венесуэла президентінің сайлауы 28 шілдеде өтті. Қазіргі президент Николас Мадуро 51,2% дауыспен жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы Эдмундо Гонсалес 44,2% жинады. Сайлаудан кейін 29 шілдеде Венесуэла астанасы Каракаста Мадуроның қайта сайлануына қарсы наразылықтар басталды. Оппозиция жетекшісі Мария Корина Мачадо Гонсалестің жеңісіне дәлелдемелерді түнде жариялауға уәде берді.

Полиция демонстранттарға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды, кейбір наразылық білдірушілер құқық қорғау органдарына шабуыл жасады. Венесуэла Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 23 әскери қызметкер жарақат алған.

Сондай-ақ оқыңыз