Жаңалықтар

Экс-министр Әлібек Қуантыров Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды

Әлібек Қуантыров
Әлібек Қуантыров СІМ-ге жаңа қызметке тағайындалды / Фото: gov.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Бұрынғы Экономика министрі Әлібек Қуантыров президенттің өкімімен Сыртқы істер министрлігіне жаңа қызметке тағайындалды. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының өкімімен Әлібек Сакенұлы Қуантыров Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды»,- делінген Ақорда хабарламасында.

Айта кетейік, Әлібек Қуантыров 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың ақпанына дейін Ұлттық экономика министрі болған. Оған дейін 2021 жылдың ақпанынан 2022 жылдың қаңтарына дейін экономика вице-министрі қызметін атқарған.

Экс-министр Томск мемлекеттік университетінде, сондай-ақ «Болашақ» стипендиясы бойынша Мичиган университетінде оқыған.

2022 жылдың басынан «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің мүшесі болды. Алайда экс-министр отставкаға кеткеннен кейін бір ай ішінде директорлар кеңесінен шығарылды.

Ал 2024 жылдың 1 сәуірінде Әлібек Қуантыров «KazEnergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының бас директоры болып тағайындалды.