Алматының дамуына жыл соңына дейін 2 трлн теңге инвестиция тартылады – Ерболат Досаев
Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даумына тартылатын инвестиция көлемі жыл соңына дейін 2 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Бұл жайлы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында айтты.
Досаев мемлекет басшысына биылғы бірінші жартыжылдықтағы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндаған. Қала әкімі бұл аралықта Алматыға тартылған инвестиция көлемі артқанын атап өткен.
«Алматыда инвестициялық өркендеудің жоғары қарқыны байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,8 пайызға өсіп, 714,8 млрд теңгеге жетті. Жеке инвестицияның көлемі 21,1 пайызға ұлғайды, оның ішінде IT-секторда, сондай-ақ туризм, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және көлік салаларында өсім бар»,- деді әкім.
Шаһар басшысы жыл соңына дейін 2 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын айтты. Нәтижесінде 32,7 мың жұмыс орны ашылуы тиіс. Бұл жұмыс орындарының 75 пайызы тұрақты негізде ашылады.
Сонымен бірге оңтүстік астанада қоғамдық көліктерді жаңарту арқылы экологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Бұл шаралар барысында қалада жүретін экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70 пайызға дейін артады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 53,7 пайызды құраған.
«Жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін газбен жүретін 600 автобус, 100 электрлі автобус, 112 троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ қаланың троллейбус паркі толығымен жаңартылады»,- деді әкім.
Бұған қоса, Ерболат Досаев әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін жетізді. Қалада 4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының құрылысы және 12 емхананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал жыл соңына дейін 11 жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы мен емхана құрылысының жобасы жасалады.
Әкім мектептердегі орын тапшылығын азайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде де баяндады. Айтуынша, жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 3,7 мың орындық 8 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 6,4 мың орындық 10 жекеменшік мектеп ашылуы тиіс.
Досаевтың есебін тыңдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалада өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беруді тапсырды. Сондай-ақ Алматы экономикасын әртараптандыру аясында шағын және орта бизнес үлесінің өсуі есебінен кірісті одан әрі арттыруға баса назар аудару қажеттігін атап өткен.