Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің бауырына тиесілі ферроқорытпа зауытында болған апат жайлы компания екі сағат өткен соң ғана хабарлаған. Құтқарушылар апат орнына екі сағат өткеннен кейін шақыртылған. Бұл жайлы Үкімет үйінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты.
«Бұл қайғылы оқиға таңғы 4:10-да болған. Өкінішке қарай, бұл хабар бізге 6-дан 8 минут кеткенде түсті. Яғни екі сағат өткеннен кейін хабарланды. Бұл азаматтық қорғау саласына қатысты ережелерге қайшы. Хабар келген соң, біздің құтқарушылар апат орнына санаулы минутта жеткен. Бірақ мекеме қызметкерлері құтқарушылардың ішке кіруіне кедергі келтірген. Осы себепті оларға қатысты әкімшілік шара қолданылып жатыр», – деді вице-министр.
Сонымен бірге Сыздықов Қазақстан республикасының аумағында орналасқан барлық мекеменің осындай төтенше жағдайлар болған жағдайда құтқарушыларды ғимарат ішіне, апат болған мекеме аумағына кіргізуге міндетті екенін ескертті. Кедергі келтіргені үшін әкімшілік іс қозғалып, компанияға 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл салынғаны айтылды.
«ТЖМ құтқарушылары барғанға дейін апат салдарымен зауыттың өз құтқарушылары күрескен. Бірақ еліміздің заңнамасына сәйкес Төтенше жағдайлар министрлігіне хабар келіп түскен соң, біздің құтқарушыларымыз апат орнына міндетті түрде баруы керек. Зауыт өз құтқарушыларының күшімен апат салдарымен күресіп жатқанын алға тартып, кіргізбей қойған. Бұл заңға қайшы», – дейді Сыздықов.
Қайғылы оқиға жайлы
Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында 20 шілдеде таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, осының салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ерлан Нығматулинге тиесілі ферроқорытпа зауытындағы оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды. Ал YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиесін төлеп беруге уәде берді.
Ал 23 шілде күні жарылыс кезінде күйік шалған жұмысшы қайтыс болғаны хабарланды. Қайтыс болған азамат Мұзафар Исмаилов небәрі 31 жаста еді. Оның денесінің 85 пайызын қатты күйік шалған.
Бүгін, 25 шілде күні Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатта күйік шалған 8 жұмысшының тағы үшеуі қайтыс болғаны хабарланды. Зауытта қызмет еткен технолог Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы, балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро және бас механик қызметінің шебері Жетпісбаев Төлеген Елеуұлы қайтыс болды.
Бұл оқиғаны премьер-министр Олжас Бектенов өз бақылауына алды. Сондай-ақ оқиғаны тексеру үшін арнайы републикалық комиссия құрылатыны айтылды.