Жаңалықтар

Мемлекетке тиесілі жылжымайтын мүлікті тіркеуден заңсыз шығарған: ҚМА Тараз қаласы әкімдігін тексеріп жатыр

Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері тәркіленген мемлекет балансындағы мүлікті заңсыз тіркеуден шығарған / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері мекеменің балансындағы мүлікті тіркеуден заңсыз шығарып, мемлекетке 100 млн теңге залал келтірген. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қаржы мониторингі агенттігі Жамбыл облысының прокуратурасымен бірлесіп, Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – деп хабарлайды агенттік.

Агенттіктің хабарлауынша, қала әкімшілігінің қызметкерлері мемлекет кірісіне түскен тауарлық-материалдық құндылықтардың есепке алынбауын өз мақсаттарына пайдаланған. Олар ресми құжаттарды қолдан жасап, соттардың үкімдері бойынша тәркіленген коммерциялық жылжымайтын мүлік пен халық тұтынатын тауарларды мекеменің балансынан заңсыз шығарып отырған.

Шенеуніктердің мұндай заңсыз әрекетінен мемлекетке 100 млн теңгеден астам залал келген.

«Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шаралар, тиісті сараптамалар жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімдері қабылданады», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 9 сәуірде Тараз қаласы әкімнің орынбасары болған Қайсар Сарытайға қатысты үкім шықққан болатын. Оның Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқара жүріп, заңсыз әрі қызмет мүдделеріне қайшы әрекеттерге барғаны анықталған. Ол өзінің қызметтік бабын пайдаланып, бөтен тұлғаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған. Атап айтқанда, қызметкерлерді «Open Akimat» ақпараттық жүйесіне бөлінген қаражатты аударуға итермелеген. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру барысында кәсіпкерлерді өз нұсқауымен келісімшартқа отыруға және прейскуранттар дайындауға мәжбүрлеген.

Сотталушының осындай заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде – 58 513 789 теңге материалдық залал келтірілген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, бейне жазбалармен және заттай дәлелдемелермен объективті түрде расталған. Сотталушы істеген ісіне өкініп, кінәсін ішінара мойындаған, келтірілген залалды толық өтеген.