«453 млрд теңге»: Еңбек министрлігі жарты жылда қанша отбасының әлеуметтік төлем алғанын хабарлады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Арнайы төлемге 1 млн қазақстандық ие болды / Фото: архив kursiv.media 

Биылғы бірінші жартыжылдықта Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан 1 миллионнан астам қазақстандық әлеуметтік төлем алды. Ел азаматтарына жәрдемақының бес түрі бойынша 453 млрд теңге төленген. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, еңбек қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ол мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. 30%-дан 100%-ға дейін еңбек қабілеттілігінен айырлған кезде төлем Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры есебінен жүзеге асады. Аталған төлемді алуға медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижесі және еңбек қызметін жалғастыруы кедергі емес.

«2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл төлемді 23,1 млрд теңге сомасына 94,8 мыңнан астам адам алды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31%-ға артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 57 220 теңгені құрады»,-деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ал асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем МӘСҚ жүйесіне қатысушының асырауында болған адамдарға тағайындалады. Асыраушысынан айырылғандарға бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы да қосымша төленеді. 

«МӘСҚ-тен төлем асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысанында оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді. Биылғы 6 айда аталған төлемді асыраушысынан айырылған 63,4 мың отбасы 17,1 млрд теңге сомасына алды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37 %-ға көп. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 59 968 теңгені құрады», – деп толықтырды ведомство.

МӘСҚ-тен жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға оның жұмыстан шығарылу себебіне қарамастан тағайындалады. Негізгі шарт – жұмыссыз ретінде тіркелу.

«Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және табысты ауыстыру коэффициентіне (45%) байланысты. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аталған төлем 39 млрд теңге сомасына жүзеге асырылды. Оны 180,2 мың адам алды. Бұл 2023 жылдың 6 айында алушылар санынан 1,6 есе артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 73 081 теңге», – делінген хабарламда.

Сондай-ақ әлеуметтік төлем жүктілік және босану кезінде, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алғанда табысынан айырылса жүктілік және босану бойынша демалыстың барлық күніне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілікке және босануға байланысты демалыс күніне дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл біржолғы төлемді 129,5 мың адам жалпы сомасы 180,8 млрд теңгеге алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 528 846 теңгені құраған.

«Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем баланың туған күнінен бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. Осы жылдың 6 айында бұл төлем 137,7 мың адамға тағайындалды. Оның ай сайынғы орташа мөлшері 81 823 теңгені құрады. Төлем 193 млрд теңге сомасына жүргізілді. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп», – делінген ақпаратта.

Бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, жұмыс істейтін азаматтардың саны әлеуметтік қорғаудағы жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары болып отыр.

Қазақстан Үкіметі 2024 жылғы атаулы әлеуметтік көмекке 60,5 млрд теңге бөлген. Жыл басынан 1 шілдеге дейінгі аралықта бұл көмек түрін 67,1 мың отбасы, нақтырақ айтқанда, 355,3 мың адам алған.

Еске сала кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, АӘК төлеу механизмі өзгеретінін хабарлаған еді. Ведомствоның мәліметінше, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатыр. Бұл, шын мәнінде, мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз