Жаңалықтар

Рейс кестесін бұзған әуе компанияларына жазалау шаралары тағы күшеюі мүмкін

Алматы әуежайынан
Көлік министрлігі рейсті кешіктірген әуе компанияларына жазаны қатайтуды қарастыруға дайын / Фото: архив kursiv.media 

Ұшақты кешіктірген компанияларға салынатын айыппұл көлемі артуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді. Ведомство басшысы ұшақты кешіктірген әуе компанияларына енді жауапкершілік арта түсетінін мәлімдеді.   Нақтырақ айтсақ, жазалау шаралары қатаңдай түседі.   

Үкімет отырысынан кейін өткен брифинг барысында БАҚ өкілі Scat және FlyArystan компанияларына 3,6 млн теңге айыппұл салынғанын еске салды.

«Есептеп қарасаңыз, оларға ұшағы кешіккен жолаушыларға қонақүй жалдағаннан гөрі айыппұл төлей салу тиімді. Бұл айыппұлдар өз міндеттері мен заң талаптарын орындауға мәжбүр болатындай етіп, әуе тасымалдаушылардың жауапкершілігін қатайтуды көздемейсіз бе?», – деп сұрады БАҚ өкілі

Министр бұл кемшіліктер үшін салынатын айыппұл көлемі 1,5 жыл бұрын өскенін айтады.

«Бұрын ұшақ кестеден 8 сағат кешіксе ғана қонақүй мен сусын ұсынылатын. Біз бұл уақытта екі есе қысқарттық. Екіншіден, бұрын компания ұшақтың кешігетінін алдын ала хабарлап ескертсе, бұл қызметтерді көрсетуге міндетті  болмайтын. Бұл тұрғыда енді заң қатаңдатылды», – деді министр.

Алайда Қарабаев айыппұл көлемін тағы көтеру жоспарда жоқ екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта ондай мәселені қарастырып жатқан жоқпыз. Дегенмен айтып отырғаныңыздың қисыны бар, сондықтан қарауға дайынбыз. Бірақ онда да айыппұл көлемі бойынша емес, компанияның имиджі  жайында болады дегім келеді. Қазір ұшағы кешіккен жолаушыларға сусын, қонақүй ұсынбай қою сияқты фактілер азайып келеді. Компаниялар өз міндеттерін, орындап, имиджіне нұқсан келтірмеуге тырысып жатыр», –  деді Марат Қарабаев.

Жуырда Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті FlyArystan мен SCAT әуе компанияларына әкімшілік айыппұл салған еді. Оған жазғы рейстердің кешігіп жатқанына байланысты жолаушылардың шағымданғаны себеп болып отыр.

Ведомство тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. FlyArystan Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кідірген кезде жолаушыларға талапқа сай қызмет көрсетпеген. Оларды компания есебінен қонақүйге орналастырмады, әуежайдан алып баруға және алып келуге көлік тасымалын ұйымдастырмады. Осыған байланысты 11 шілде күні «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әуе компаниясына 1000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Ал маусым айында Атырау-Алматы бағыты бойынша рейсті кешіктірген кезде тиісті қызмет көрсетпеген «SCAT» әуе компаниясы 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) әкімшілік айыппұл төлеуге тиіс болды.

Азаматтық авиация комитеті отандық және шетелдік әуе компанияларын тексеруді жалғастыратынын ескертті.

Еске салсақ, әуе компаниялары жыл басынан бері 5,5 миллионға жуық адамды тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 %-ға артық. Аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағыт бойынша 6 әуе компаниясы жолаушыларға қызмет көрсетеді.