Елімізде InDrive және Яндекс.Такси жүргізушілеріне 50 шақырымнан артық жүруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл шектеу, әсіресе, оң жақтағы рөлін сол жаққа ауыстырып алған «Альфард» көліктеріне қатысты болады. Екіншіден, қалалар арасындағы автобустардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасалып отырған шара. Такси қызметіне енгізілетін бұл өзгерістер жайында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Министрдің айтуынша, Яндекс.Такси және InDrive жүргізушілерінен Face ID тапсыру талап етілетін болады. Алыс қашықтыққа шығуға және орташа жылдамдықты асыруға да тыйым салынады.
«Орташа жылдамдықты орнатуға қатысты енгізгелі жатқан норма автобус қызметтерінің қайта жандануына әсерін тигізеді деп ойлаймын. Қазір азаматтар inDrive немесе жеңіл автокөлікті құп көреді, өйткені жүргізушілер рұқсат етілген жылдамдықты асырып, тезірек жетеді. Орташа жылдамдық болғанда, А нүктесінен В нүктесіне жететін уақыт айырмашылығы соншалықты үлкен болмайды», – деді Қарабаев Үкіметте өткен брифингте.
Министрлік қазір Яндекс.Такси, InDrive сияқты агрегаторлары бар өзге елдердің тәжірибесін салыстырып қарап жатыр. Әсіресе, жолаушыларды алыс қашықтыққа тасымалдауға тыйым салған өзге елдерің ережелерін назарға алған. Десе де Министр бұл шектеу әлі талқылану үстінде екенін, түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты.
Қарабаев Face ID көмегімен такси жүргізушілерінің жұмысы қалай бақылануы мүмкін екенін де түсіндіріп берді. Жүргізушілер қосымшаға кіргенде алдымен Face ID идентификаторынан өтеді, содан кейін қосымшамен жұмыс істеуі уақыты сегіз сағаттан аспауы тиіс. Сегіз сағаттық сапары аяқталған соң, «Яндекс Такси» қосымшасына қайта кіре алмайды.
Министр InDrive және Яндекс.Такси құрылтайшыларымен кездесіп, бұл мәселені пысықтаған.
«Нақты «мынадай өзгерістерді енгіземіз, осымен бітті» деген шаруа жоқ қой. Индрайвердің де, Яндекс таксидің де құрылтайшыларымен кездесіп сөйлестік. Олар өз ұстанымдарын айтып отыр. Жүргізушілер басқаша пікір айтады. Ол жерде мәселе өте көп», – деді Марат Қарабаев.
Ведомство басшысы министрліктің қандай ұсыныс тастап отырғанын мәлімдеді.
«Мысалы бір ұсыныс бар, рөлі оң жағындағы көліктердің мүлде индрайверге тіркелуге қақысы жоқ деген. Өйткені бізде ең көп жол оқиғалары осындай көліктермен байланысты болып жатады. Мысалы, рөлі оң жақтағы «Альфард» көліктері сол жақ бөлігіне ауыстырып, қолдан жасап алған. Оларды InDrive-ке тіркеу мүмкіндігі болмайды деп отырмыз», – деп түсіндірді министр.
Қарабаевтың айтуынша, екі қала арасында қатынайтын автобустардың қызметі 2020 жылдан кейін бәсеңдеген.
«Өйткені пандемия кезінде көп адам цифрлық технологияға өтті, оның ішінде индрайвер өте күшті болды. Қазір халық екі қаланың арасында тұрақты автобустарға отырмай, индрайверді таңдайды. Ол ыңғайлы, өйткені үйінен алып кетеді«, – дейді ол.
Министр басқа елдерде InDrive сияқты агрегаттардың такси қызметін көрсетуге құқығы жоқ екенін айтады. Сөзінше, оларда шектеу 50 шақырымға дейін болады, одан әрі асыра алмайды.
«Мүмкін сондай істейміз бе деген ұсыныс бар. Индрайвермен табыс тауып отырған жігіттер барын да білеміз. Бірақ ондай болса, басқа талаптарды қоюымыз керек. Өйткені жол апаты ең көп болып жатқан мәселелер жылдамдықты асырғаннан, көлік жүргізушісінің дұрыс ұйықтамай, жүре беруі тағы бар. Сондай мәселелер бар. Бір жақты шешім қабылдамаймыз, міндетті түрде екі жақты да тыңдаймыз«, – деді ведомство басшысы.
Көлік министрлігінің шектеу қою жөніндегі ұсынысына байланысты InDrive компаниясы жауап берді.
«inDrive қызметі Қазақстан нарығында 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде біз қадағалаушы органдардың талаптарын мүлтіксіз орындадық. Бүгінгі күні inDrive – елдегі саяхатшыларды табуға арналған ең танымал онлайн қосымша. Мұның артықшылығы сол – жүргізушімен бірге кез келген қалаға ыңғайлы уақытта шығуға болады. Оған қоса бағаны жүргізуші мен жолаушы өзара келісе отырып белгілей алады. Қалааралық жолдарда максималды қашықтықты шектеу туралы шешім жолаушылар мен жүргізушілердің алаңдауына себеп болады. Бұл мәселені нарықтың барлық қатысушылары Қазақстан Республикасының Көлік министрлігімен бірлесіп пысықтауы керек»,– деді InDrive компаниясының баспасөз қызметі.
Осыған дейін Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Яндекс.Таксиге» ірі көлемде айыппұл салған болатын. Агенттік таксопарктердің экономикалық қызметін, бақылау-кассалық машиналардың бағдарламалық қамтамасыз етуін техникалық қолдау қызметтерін күштеп таңу арқылы үйлестіру фактілері бойынша «Яндекс. Такси Корп» ЖШС-не тексеріс жүргізген. Нәтижесінде компания белгіленген айыппұлдарды төлеуден басқа, Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау мемлекеттік қорына 3 млрд теңге берген.
Айта кетейік, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында такси қызметін пайдаланған жолаушылар саны 37,63%-ға өсіп, 35,6 млн адамға жетті. Ұлттық статистка бюросы жариялаған мәлімет бойынша осы кезеңде жолаушылар айналымы 1 млрд км құрады.